20 желтоқсан 2018 жыл
«QAMSHY.KZ» ақпараттық агенттігі
«Ақ жол» фракциясы Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды міндетті таңбалау туралы заң жобасын ратификациялауға қарсы шықты – Азат Перуашев мұндай заңды қолданысқа енгізу кәсіпкерлік қызметке теріс әсер етіп, тауарлар құнының өсуіне жол береді деп есептейді. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді деп хабарлайды «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі.
Ол 2014 жылы Еуразиялық одақтағы әріптестеріміз таңбалау бойынша жоба әзірлеп бізге ұсынғанда фракцияның оны құптамағанын, тіпті қазақстандық келіссөз жүргізушілерге бұл мәселеге тыйым салуды ұсынғанын еске салып өтті.
«Алайда үкімет оны жүзеге асыруды жалғастыра берді. Бұл пилоттық жобаның мерзімі 2016 жылы аяқталған болатын, бірақ оны орындаушылар неге екені белгісіз 2018 жылға дейін ұзартуын сұрады. Бұған біздің шенеуніктер тағы да келісті. Сайып келгенде, егер эксперимент сәтсіздікке ұшыраса, оны дереу доғарады. Екінші рет қайталамайды. Ал, енді келіп қаржы министрлігі бізге пилоттық жоба сәтті өтті деп отыр. Алайда, бұл дегеніміз – фактілерді бұрмалау», - деді депутат.
Осы орайда, «Ақ жол» партиясының төрағасы тауарларды таңбалауды енгізуге қарсы нақты аргументтерді жіктеп берді.
«Біріншіден, міндетті таңбалау мен төлемдерді енгізу – бұл бизнеске тағы да қосымша салық салу деген сөз. Оны мемлекеттің пайдасына емес, жеке коммерциялық компаниялардың мүддесі үшін енгізу ниеті таңғаларлық дүние. Бір нәрсені жақсылап түсінген жөн, тауардың бір өлшеміне таңбалауды енгізбек. Яғни әр шұлықтың, жейде мен сүттің әрбір қорабын таңбалайтын болады. Қаржы министрлігі кәсіпкерлер үшін бір марка үш теңгені құрайды дейді, ал сол бизнестің өз есебі бойынша – 25 теңге. Неліктен қазақстандықтар бұл ақшаны әлдеқандай бір жеке компанияға төлеуі тиіс?», - деген сауал қойды Азат Перуашев.
https://www.qamshy.kz/