29 желтоқсан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Бүгін Шымкент қаласында партиялық конференция өтті. 13 желтоқсанда Астана қаласында өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХIV құрылтайы қабылдаған шешімге сәйкес партияның жаңадан Шымкент қалалық филиалы құрылды.
Конференцияға партия төрағасы, Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Орталық Кеңес хатшысы Арман Сқабылұлы және аудандардағы партия өкілдерінен тұратын барлығы 50 делегат қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жаңадан құрылған Шымкент қалалық филиалының төрағасы лауазымына, бұрынғы ОҚО филиалының төрағасы Әлімхан Досыбайұлы Абжанов сайланды.Сондай-ақ, қалалық Кеңес құрамына 11 адам мүше ретінде тағайындалды.
Жиын барысында Азат Перуашев бір топ партия белсенділеріне «Ақ жол» партиясының Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Жаңадан партия қатарына қабылданған азаматтарға пария билеттерін тапсырды.