Меруерт Қазбекова Шортанды ауданында болды
1 ақпан 2019 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Шортанды ауданында болып, жергілікті жердегі экономикалық және әлеуметтік жағдаймен танысты.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында бизнес өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Кәсіпкерлердің ұсыныс-тілектеріне ден қойып, оны шешудің жолдарын қарастырды. Мұнда негізінен, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер келген еді. Жеке кәсіпкер Валентина Алиева өткен жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында несие алып, көкөніс және гүл өсіретін жылыжай ашқан екен. Көп ұзамай «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 5 миллион теңге несие алып, дәл үйінің іргесінен сауда нүктесін ашады.
Кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың кәсіп ашамын деп құлшыныс танытқан адамға айқын мүмкіндік беріп отырғанын айтты. Бұған тағы бір мысал, құрылысшы инженер Юрий Риб мемлекеттен 6 миллион теңге несие алып, массаж салонын ашса, алдағы уақытта оны кеңейтіп, емдеу орындарын ашуды мақсат етуде.
Жалпы, Парламент өкілінің жеке қабылдауына келген кәсіпкерлер өздеріне жасалып жатқан қолдауға дән риза екендіктерін жеткізді. Меруерт Қазбекова Елбасының жаппай кәсіпкерлікті дамыту бастамасы аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді. Жаңа
жылыжай жұмысымен де танысты. Бір атап өтерлігі мұнда кәдуілгі қызғалдақ гүлін өсіру қолға алыныпты. Ал «Рим» сауда орыны жақында ғана ашылған екен. Мұнда адамдарға қажетті заттардың бәрі бар. Қызмет сапасы да жақсы екені байқалып тұр. Сондай –ақ, әлеуметтік нысандармен танысты.
Аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасовамен Шортанды кентіндегі көпсалалы бассейн және басқа да нысандардың заман талабына сай жұмыс істеп тұрғанын көрді. Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмалары қалай орындалып жатыр деген сауал төңірегіндегі мол мағлұмат алды.
Бұл аудан Елорданың іргесінде орналасқан. Сондықтан Астана қаласы тұрғындарын азық-түлік өнімдермен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Ал Научный кентіндегі музыка мектебінде қаншама аспап түрлерінен тәлім беріліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатты. Мектеп басшылары өз филиалдарын ауылды жерлерге ашуға ниетті екендіктерін жасырмады.
Жалпы, бұл ауданда дамуға ерекше талпыныс бары байқалады. Экономикалық көрсеткіш жақсарса, қарапайым еңбек адамдарының әл-ауқаты да көтеріледі. Бұл бүгінгі күннің басты талабы болса керек.