Азат Перуашев: Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентін құру Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді
22 қараша 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Еуразиялық экономикалық одақтың Парламентін құру Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы келеді – бұл туралы Азат Перуашев ресейлік БАҚ-да «Еуразиялық парламент» құру туралы талқыланып жатқан идеялар жайында журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере отырып мәлімдеді.
«Мен мұндай ұсынысқа түбегейлі қарсымын, себебі бұл ұлттықтан жоғары тұрған органдарға заңнаманы қалыптастыру қызметін беруді білдіреді. Біз Кедендік одақ құруға бардық, қазір тек қана экономикалық мақсаттарға, өзара сауда-саттықты өсіру мақсатында Бірыңғай экономикалық кеңістік құруға қадам жасадық. Бірақ, осы өзара қарым-қатынас шеңберін саяси қызметке дейін кеңейту біздің мүдделерімізге сәйкес келмейді», - деді Перуашев.
«Бүгінгі таңда Кедендік одақ шеңберінде біз өзара сауда-саттықтағы маңызды проблемаларды шешу объективті жағдайларға емес, келісімгерлердің дайындығының деңгейіне де байланысты болып жататын көп мәселелердің жеткілікті екенін көріп жүрміз. Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші, кім кімнен басым түседі деген осындай жағдайлар заңдарды қарау кезінде туындап жатса. Мұндай жағдай болмауы тиіс!», - деп атап көрсетті ол.
«Біз тағдыршешті шешімдердің Қазақстанда емес, Мәскеуде қабылданатын белестен өтіп кеткенбіз. Бұл әкімшілік құрылысқа да, басқа республикаларға жерді беруге де, ұлттық қимылдарға саяси баға беруге де қатысты болды... КСРО-ның осындай тәжірибесінен түйіндеуге болатыны: өзіңнің орныңа өз тағдырыңды шешуді басқа біреуге сеніп тапсыруға болмайды; Қазақстанның және біздің заңдарымыздың тағдырын қазақстандықтардың өздері белгілеуі тиіс. КСРО-ын және оның ұлттық республикаларға қатысты саясатын қалпына келтіруге тырысуға болмайтыны сияқты, бізде бас тартуға болмайтын өзіміздің базалық тарихи, ұлттық, саяси және экономикалық құндылықтарымыз бар» - деп есептейді Перуашев.
Бұдан бұрын да «Ақ жолдың» көшбасшысы Кедендік одақ шеңберінде экономикалық ынтымақтастық тақырыбын саясиландыру әрекеттеріне және Еуразиялық экономикалық комиссиясының осы органға тән емес қызметке ұмтылғанына да назар аударған. Мәселен, Мәскеуде ЕЭК-мен Кедендік одақ елдерінде бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесін белгілеуге байқау өткізілген болатын, бұл ұлттық заңнамаға айқын араласу болып табылады. Тіпті, өткен жылдың желтоқсанында «Ақ жол» парламенттік фракциясының атынан Азат Перуашев осы жағдай бойынша депутаттық сауал жолдаған, оған үкіметтен жауап та алған болатын, онда қазақстандық салық заңнамасын ЕЭК-да талқылауға ешкім де рұқсат бермеген деген. Алайда, қазақстандық үкіметтің осындай түсініктемесінен кейін байқау өткізілген болатын.
Азат Перуашев мемлекеттік Тәуелсіздік – бүгінгі Қазақстанның ең басты байлығы деп есептейді және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың а.ж. 25 сәуірдегі медиа-форумда сөйлеген сөзінде: «Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет тәуелсіздік алды, біздің халқымыз алғаш рет бостандықтың, тәуелсіздіктің дәмін татты, біз бұл тәуелсіздікті ешкімге де берейін деп отырғамыз жоқ. Егер де қандайда бір ұйым еліміздің тәуелсіздігіне, біздің Ата заңымызға қысым жасайтын болса, онда біз бұл ұйымды бірден тастаймыз және оның құрамынан шығамыз» - деп атап өткенін еске салды.
«Президенттің бұл сөзін «Ақ жол» партиясы табанды түрде қолдайды. Интеграциялық процестер біз үшін, біздің экономика үшін, тек қана Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сай болғанда ғана маңызды», - деп атап өтті А.Перуашев.