27
Қараша

Нұрлан Жазылбеков: Еліміздің дамуына септігі тиіп жатқан әрбір заңда «Ақ жолдың» да өзіндік қолтаңбасы бар

27 қараша 2013 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
        Еліміздің дамуына, қоғамдық қатынастарды реттеуге септігі тиіп жатқан әрбір заңда «Ақ жолдың» да өзіндік қолтаңбасы бар – деп атап өтті «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков 'ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ' тақырыбында 26 қарашада өткен халықаралық конференцияда жасаған баяндамасында. «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі Н.Жазылбековтің осы баяндамасының толық мәтінін оқырмандар назарына ұсынады.
 
Құрметті әріптестер, құрметті жиналған қауым!
 
Біздің еліміздің Парламенті өкілді билік институты ретінде қалыптасып, қазақстандағы парламентаризм даму үстінде екендігін бүгінгі конференцияда баяндама жасап жатқандар жан-жақты баяндап өтті. Әрине бұған Ел Президенті, Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде-ақ Президенттің ерік-жігерінің, көрегендігінің арқасында  қажетті заңнамалық негіз жедел түрде қалыптастырылды, нарықтық экономиканың құқықтық негіздері жасалды, қоғам тіршілігінің маңызды салаларын реттейтін заңдар қабылданды.
 
Қазақстан Президенттік билік жүйесіндегі республика болғандықтан, ондағы Парламенттің рөлі мен орнын, оның мәртебесін Елбасы тікелей белгілеп берді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып құрылып, қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Президентімізді Қазақстан Парламентаризмінің де негізін қалаушы деп толық айта аламыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан қоғамын жаңғыртып, маңызды шешімдер қабылдауда саяси партиялардың ықпалы арта түсті. Соның нәтижесінде парламент көппартиялы сипат алып, Қазақстан одан әрі демократияландыру бағытына қарай кезекті қадамын жасады. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің құрамында үш саяси партия бар. Соның бірі – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы. Соңғы сайлау қорытындысымен Мәжіліске өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламенттік фракциясы құрылып, қазіргі таңда партиямыз еліміздің саяси сахнасында өзінің айшықты орнын алып та үлгерді.
 
Парламенттік оппозициялық партия ретінде, сайлаушыларымыздың стратегиялық мүдделері мен базалық құндылықтарының ортақтығын ескере отырып, біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын түбегейлі қолдаймыз және өз тарапымыздан оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысудамыз. Елбасы тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылғанымызды жариялады. Және оның ең басты шартын да атады: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз».
 
Қазақстан тәуелсіздігін алып, қалыптасқан мемлекетке айналып, енді 2050-інші жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға ұмтылып отыр. Президент Жолдауында осындай ұлы міндет қойылып, оған қол жеткіздіретін басымдықтар белгіленді. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты; ұлттық экономикамыздың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау; әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері; білім мен кәсіби біліктілік; мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту; дәйекті де болжамды сыртқы саясат; жаңа қазақстандық патриотизм. Осы жеті басымдықты орындау бізді межелі отыз елдің қатарына қосады. Осы басымдықтардың қай-қайсысына болса да үлесін қосуға ұмтылып отырған «Ақ жол» партиясы, оның Парламенттік фракциясы аталған басымдықтардың ішіндегі, әсіресе, кәсіпкерлер мүддесін қорғаудың барлық тетіктерін қолданып, күресіп жатыр. Оның ең бастысы – Кедендік одақтағы үш мемлекеттің арасындағы құжаттардың бірізділенуі үшін заң шығарушылық қызметті де, депутаттық құқықтар аясында депутаттық сауалдар арқылы да күш жұмсауда. Қазақстанның заң шығарушы да, атқарушы да биліктері бүгінде әлемдік талаптарға сай келіп, өзін-өзі кез келген одақтарға да мойындатуы қажет.
 
Стратегияда біздің көптен айтып жүрген ұсыныстарымыздың мазмұнына сәйкес келетін, бизнеске жасалатын жасанды бөгеттерді жойып, бизнес-бастамаларды көтермелейтін отандық кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шаралардың қабылдануы көзделген. Бізге «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасын іс жүзіне асыратын кез келді. Демократиялық құндылықтардың, оның ішінде, парламентаризмнің де алғышарттарын жасауға ұмтылған Алаш қозғалысының идеялары да қазақ мемлекетінің қуаттылығын, оның жасампаздығын қолдайды. Ендеше «Ақ жол» партиясы ұлт мүддесіне қатысты басқа да өзекті мәселелермен қатар, мемлекет қуаттылығының басты көрсеткіштері болып саналатын, ұлттық экономиканың, ұлттық бизнестің мүддесін қорғауға өздерінің бар күш-жігерін, тәжірибесі мен білімін жұмсап жатыр және бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра береді.
 
«Нұр Отан» партиясының айқын басымдылығындағы қоспалаталы Парламент құрамына кіріп, осы уақыт аралығында мыңдаған заң қабылдап, қоғамдық мәселелерді шешіп жатқан Парламенттің заң шығарушылық қызметіне біз де әл-қадірімізше үлес қосып келеміз. Еліміздің дамуына, қоғамдық қатынастарды реттеуге септігі тиіп жатқан әрбір заңда «Ақ жолдың» да өзіндік қолтаңбасы бар. Мұның бәрін айтып отырған себебім: Қазақстанда эволюциялық жолмен қол жеткізілген парламенттің көп партиялық жүйесі тиімділікпен жұмыс істей бастағанына – Сіздердің назарларыңызды аудару.
 
Парламент тәжрибе жинақтап, кемелдену үстінде. Дегенмен, жұмыстың тиімділігін арттыруда әлі де жетілдіре түсетін тұстар аз емес. «Ақ жол» партиясының фракциясы  ҚР Парламенті депутаттарының заң шығарушылық бастамасының мүмкiндiктерiн күшейтудiң қажеттiлiгi туралы бірнеше мәрте мәлiмдегенiн атап айтуға тұрады. Байқалып отырған беталыс парламенттің үкiметпен қарым-қатынастарындағы өкiлеттiктерiн кеңейтудiң және сонымен қатар парламенттiк фракциялардың мәртебесін күшейтудiң қажеттiлiгiн көрсетеді.
        Құрметті әріптестер, конференцияға қатысушылар! Елбасымыз негізін қалаған Қазақстан парламентаризмін одан әрі де биліктің тежемелік, тепе-теңдік жүйесінен берік орын алып, нығая беруі үшін, оның, Президентіміз айтқандай, демократия мектебі ретіндегі рөлін арттыра беру үшін жұмылып жұмыс істей берейік.
Алда келе жатқан мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер! Назарларыңызға рақмет.