16 шілде 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалы
Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекованың Ақмола облысындағы жұмыс сапары Бұланды ауданындағы іргелі құрылыс материалдарын әзірлейтін 'Politerm' кәсіпорнында жалғасты.
Кәсіпорын директоры Жасұлан Мұхаметжанов зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген кәсіпорын бірқатар нарықтық экономиканың қиындықтарына байланысты жұмысы тұралап, өнім шығаруын тоқтатқан еді. Жақында аталған кәсіпорынның бойына қайта қан жүгіріп, зауыт құрылыс ғимараттарына таптырмас минералды жылытқыш плиталарын одан әрі де шығаратын болды. Зауыт басшысы сапалы өнімнің алғашқы легі осы айдың 22 күні шыға бастайтынын қуанышпен жеткізді. Өнімнің негізгі шикізат көзі базальт деген тастан жасалатынын жеткізген Жасұлан Мұхаметжанов өнімнің экологиялық таза өнім екенін алға тартты. Осыған дейін жүзден астам адамға екі қолға бір күрек тауып берген, кәсіпорынның бұрынғы жұмысшылары күнкөріс қамымен басқа кәсіпорындарға, кейбірі Елордаға табыс табуға кеткенін жеткізген басшы алдағы уақытта тұрақты жұмыс істейтін кадрларды қабылдаудың және оларды үйрету жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Зауыт басшысы Мәжіліс депутатына кәсіпорынның жұмыс ауқымының кеңеюіне мүмкіндік бермей отырған кедергілер жөнінде де атап өтті. Атап айтқанда, зауыт еліміздің қарапайым өнімдері тізіміне өтсе, бұл мәселе шешімін табатын көрінеді. Сондай-ақ, зауыт басшысы шикізаттың өз жерімізден табылса да, Ресейден алуға мәжбүр болып отырғанын да жасырмады. Макинск қаласының іргесіндегі карьерде қажетті шикізат болғанымен, аталған жер 'Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ішінде орналасқандықтан, шикізатты ала алмай отырғанын көрсетті. Ал Ресейден тасымалдау қыруар шығынға ұшыратып тұрғанын да атап көрсетті. Аталған мәселелерді өзінің күн тәртібіне алынатынын жеткізген Меруерт Айтқажықызы мәселенің шешімін табуға өз тарапынан ықпал ететініне уәде берді.