Азат Перуашевтің Орталық Коммуникациялар Қызметінің брифингіндегі сөйлеген сөзі
Парламенттебизнес қауымдастығының мүдделерін қорғайтын«Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысына Президенттің ағымдағы жылдың 27 ақпанындағы Мәлімдемесінде белгіленген түбегейлі және өзара байланысты біртұтас кешенді шаралар қабылдағаны үшін ризашылығын білдіреді.
Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен кәсіпкерлердің қалыптасуы мен проблемаларына зор көңіл бөліп келе жатқанын атап көрсеткім келеді.
Мәселен, Президент 1992 жылы 4 июльде «Жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі» заңға қол қойған. Яғни, бұл заң -Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан жарты жылдан кейін шыққан Қазақстан Республикасының алғашқы заңдарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы ұлттық бизнестің нарықтық экономиканың және мемлекеттің орнықты дамуының әлеуметтік базасының маңызды факторына айналуына әрдайым назар аударып отырды.
Бүгінгі таңда тек шағын және орта бизнесте жүздеген мың кәсіпкерлер еңбек етуде, 2 миллионнан астам жұмыс орындары құрылды. Кәсіпкерлік мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік реформалар саласындағы көптеген маңызды шешімдерінің тірегіне айналды.
«Атамекен» Ұлттық палатасы мен «Ақ жол» партиясының Қазақстанда Кәсіпкер күні кәсіби мерекесін белгілеу туралы бірнеше рет ұсыныстар жасауы кездейсоқ емес. Оны біз жақында ғана белгіленген мемлекеттік қызметкерлер күні секілді, жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы алғашқы заңның шыққан күніне орайластырып, 4-інші шілдеге белгілеуді ұсынып отырмыз.
Мен Ұлт Көшбасшысының барлық Мәлімдемесін қайталап айта бергім келмейді: бәрібір де Президенттен асырып айта алмайсың.
Бірақ, менің пайымдауымша ең бастысы Қазақстандағы бизнес-ахуалға ұзақ мерзімге, оң әсер етуге қабілетті бірқатар жағдайларды атап өткенді өзімнің борышым деп есептеймін.
Н.Назарбаевтың мәлімдемесі, бұл мемлекеттің экономикалық саясатына бизнес-қауымдастықтың артып отырған үміттерімен сәйкес келетіні біз үшін өте маңызды. Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының осы тәсілдемелерге ұқсас болып келетін, Парламентте жиі көтеріп жүрген мәселелерін де қосып айта аламын.
1) Бірінші – бұл, тексеру саласындағы Президенттік бастамалар екені сөзсіз. Өкінішке орай, бүгінде тексерулер кәсіпкерлердің сорына айналды.
Тексерудің қорытындылары бойынша аударылымдар, кәсіпкерлерден бопсаланатын паралар және тексерулер бойынша «заңсыз төлемдер», баяғыда-ақ бизнеске қосарланған салық салудың түрімен, қосарлы қаржылық қысыммен бүркемеленген.
Көптеген компаниялар жұмысын жоспарлай отырып, әр түрлі тексерушілер үшін шығындарын алдын ала салып қояды.
Мұның өзі кәсіпорындардың кірістерінен және айналымдағы қаржыларынан шығындарға әкелетіні түсінікті. Кейбір кездері тексерушілерге деген шығындар, адамдарды кәсіпкерлікпен айналысуға қызықтырмайды және тиімсіздікке әкеледі.
Президенттің әр түрлі тексерулерді және тексеруші органдарды қысқарту туралы үнемі айтып отырғанына қарамастан, жағдай өзгеріп отырған жоқ.
Тек қана, соңғы екі айда «Ақ жолдың» депутаттары ШОБ-ті тексерулерге қатысты Үкіметке бірнеше мәрте сауалдар жолдады.
Мәселен, біз 19 желтоқсанда Үкіметке жаңа құрылатын кәсіпорындар үшін, тек қана шағын емес, орта бизнес үшін де жоспарлы тексерулерден бас тарту туралы ұсындық.
Ал, 20 қаңтарда бізге бұл орынсыз деген жауап берді.
Өткен сәрсенбіде, 26 ақпанда, Мемлекет басшысының Жарлығына дейін дәл бір күн бұрын, «Ақ жол» партиясының фракциясы Үкіметке бизнесті тексеру жүйесін тәртіпке келтіру және оңтайландырудың қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады.
Сауалда, прокуратура органдарында арыздарды электронды түрде қабылдау жобасы енгізілгеннен бастап тексерілуші субъектілер тарапынан құқықтық статистика Комитетінің атына 22 мыңнан астам кәсіпкердің хабарласқаны туралы ресми деректерді көрсеттік. 2013 жылы түскен барлық хабарламаның 75 %-ында, кәсіпкерлердің заңды құқықтарының бұзылғаны жайлы деректер расталған.
Ал, қаншама бизнесмендер тексерушілермен дауласқылары келмей, барлық талаптарды әдеттегіше реттеуді жөн санады? Қаншама кәсіпкер, әсіресе шағын кәсіпкерлер, бақылаушы органдардың іс-әрекеттеріне шағымдануды мүлдем білмейді?
Мұның жиі болуының себебі, кәсіпкерлерге тексеру жүргізу тәртібі «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңда белгіленген тәуекелдермен басқару жүйесі негізінде болғанымен, көптеген мемлекеттік органдар өз салаларын осы заңның қолданысынан шығаруға және қандай да бір ерекше тәртіп немесе тәсім ойлап табуға талпынуында.
Қазіргі кезде, фито-санитарлық және ветеринария салаларында тексерулер жүргізу; акциздік қосындар арқылы акцизделетін тауарлардың жеке түрлерін өндіруді тексеру; қаржы ұйымдарын және т.б. тексерулер Заң нормаларымен қамтылмаған. Және бұл алып тастаулардың толық тізімі емес.
Бізде тексерулер жүргізу бейінді заңдардан өзге де ондаған басқа заңдармен қарастырылған.
Оның үстіне, тексерулерді оларды кейбір «тәуелсіздерге», ал іс жүзінде – тәуекелдерді бағалау жөніндегі коммерциялық ұйымдарға беру жолымен коммерцияландыруды заңдастыруға талпыныстар болып жатыр. Осындай заң жобалары Парламентке келіп түсуде, депутаттардың табандылығымен және Бас прокуратураның қолдауымен ғана, мысалы, «Азаматтық қорғау туралы» заңнан осындай баптарды алып тастау мүмкін болды.
Тәуекелдерді бағалауды «бәсекелестік» деп аталатын, іс жүзінде - коммерциялық аймаққа беру туралы ұсыныстар – кәсіпкерлердің алдына– ресми қандай да бір ұйымға төлеу, немесе мемлекеттік органдардың тексерулеріне тап болу деген таңдау қояды. Бұл сонысымен кәсіпкерлерді тексерулерден құтылуы үшін төлеуге итермелейтіні түсінікті. Бірақ, бұл сыбайлас жемқорлықтық жағдайларды туындатады: мысалы, тәуекелдерді бағалау жөніндегі ұйым тексерулерге жауап беретін мемлекеттік органның өзімен іріктелсін және тағайындалсын деп ұсынылды. Бұл кәсіпкердің сол немесе басқа қылықтарындағы тікелей мүдделілігін құратын мүдделер жанжалына әкелуі сөзсіз.
Сондықтан, Президент тапсырғандай тәуекелдерді бағалау коммерцияландырылмауы керек, мемлекеттік органдардың тікелей міндеті болуы тиіс, ал пайда болған шығындар бизнес жауапкершілігін сақтандыру арқылы шешілуі керек.
Депутаттық сауалымызда, біз Үкіметке қолданыстағы бизнесті тексеру жүйесін оңтайландыруды және тексерулерді бір бейінді заңмен толық қамтуды ұсындық, мұндай заң «Мемлекеттік бақылау және қадағалау» болып табылады.
Бірақ, Президент айтқан тапсырма бизнесті реттейтін барлық нормаларды шоғырландыру - яғни, бір Кәсіпкерлік кодексінде, тексерулерді де тәртіпке келтіру –– бұл тапсырма одан да батыл және парасатты.
Мұнда, жай ғана біріктіру туралы емес, сондай-ақ қолданыстағы тексеру тәртібін түбегейлі қайта қарау және жаңғырту, кәсіпкерлереге талаптарды қысқарту, жоспарлы тексерулерден (20 қаңтарда біздің сауалға жауабында үкіметтің қажет деп қорғап қалған) толығымен бас тарту, және т.б. әңгіме болып отыр. Әлбетте, мұның барлығы кәсіпорынның жұмысын жеңілдетеді және бизнестің кабинеттен кабинетке жүгірмей, өзінің тікелей жұмысымен айналысуына мүмкіндік береді.
Негізінде, «Мемлекеттік бақылау туралы» заңда тексерулер туралы норма бұрынғы «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңнан осында көшірілген болатын, оған қарсы «Атамекен» және салалық қауымдастықтар дауласқан болатын. Сондықтан, бизнесті мемлекеттік реттеудің біртұтастығының қалпына келуіне біз қуаныштымыз.
2) Президенттің Жарлығының тікелей біріншіден туындайтын екінші маңызды жағы – ол а.ж. 2 сәуірінен бастап ШОБ-ке тексерулер жургізуге мораторий жариялауы.
Бұрын 2003 жылы, одан кейін 2008-2009 жылдары мұндай мораторийлар орын алған болатын және оң рөл атқарғаны да сөзсіз.
Қазіргі шешім, Президент Н.Назарбаевтың саяси күш жігерімен және бизнесті қолдауға және оны дамытуға жаңа серпін беруге деген пейілінен шыққаны айқын.
Бұл шараның құқықтық мазмұны бойынша теңдесі жоқ, себебі қолданыстағы бақылау нормаларының іс әрекеттерін тоқтатады.
Сонымен бірге, мораторий – бұл бұзушылықтарға рұқсат беру емес екенін түсіну керек.
Бизнестен өзінің міндеттемелерін орындағаны үшін, мәселен, бюджетке салық төлеу, тұтынушылардың мүдделерін сақтау, және жалпы заңнамалық нормаларына және ережелеріне сәйкес жұмысы бойынша жауапкершіліктер алынып тасталмайды.
Осы кезеңде және мораторийден кейін де заңнамалық талаптарды және нормаларды сақтау бойынша бәрібір есеп беруге тура келеді.
Сондықтан, үкіметке, сондай-ақ бизнестің өзіне де осы кезеңді барынша тиімді пайдаланып қалуы керек.
Ел Президенті ең алдымен мораторий жариялауға, артынша қолданыстағы заңнамаларға толығымен сараптама жүргізуге, бизнестің қызметін реттеуге қандай да бір қатысы бар заң нормаларының барлығын Кәсіпкерлік кодекске шоғырландыруға тапсырма берді.
Екінші, бизнеске кедергі келтіретін не кәсіпкерлік үшін өзінің өзектілігін жоғалтқан мемлекеттік актілердің барлығының күшін жоюға тапсырма берді, әрине осындай актілерді табу керек. Бұл көрсетілген мерзімде үкіметтің және Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басты міндеті болады.
Кәсіпкерлердің өздері осы уақытты жеке істерін тәртіпке келтіру, даму мүмкіндігін және жаңа жобаларды жүзеге асыруды анықтау үшін пайдалануы тиіс.
Жуырда Президенттің Ұлттық қордан 1 трлн. теңгені бизнесті қолдауға бөлуді тапсырғаны белгілі. Кәсіпкерлерге әдеттегі әкімшілік қысымсыз және есеп беру әбігерінсіз өте қолайлы жағдайда, осы қаржыны игеруге тамаша мүмкіндік пайда болып тұр.
Мемлекет басшысының бұл шешімі сыртқы нарықтағы аумалы-төкпелі ахуалға әсер ету жағдайларында өте маңызды болып табылады, себебі бюджеттің кіріс бөлігі қысқаруы, екіншіден, қара ниет кәсіпкерлер тарапынан белгілі айла-амалдарға алғы шарттар пайда болуы мүмкін.
Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, мен ұлттық бизнеске Президенттің ерік жігерін дұрыс және сәйкесінше қабылдауға және беріліп отырған мүмкіндіктерді бизнестің ғана емес, мемлекеттің мүдделеріне де пайдалануға шақырғым келеді.
Менің түсінігім бойынша шынайы бизнестің түпкі мақсаты жай ғана иелерін байыту болуы мүмкін емес. Егер бизнес көптеген адамдардың өмірін және кедей мен байлардың арасындағы алшақтықты қысқартуды қоса алғанда, жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған болса, онда бизнестің мағынасы және келешегі бар.
3) Жоғарыда аталған заңнамаларды толығымен тексеріп шығу туралы тапсырманы айта отырып, Президенттің нақты тапсырмаларына үкіметтің қабылдап отырған шараларының сәйкестігі туралы мәселені де көтеру қажет деп есептеймін.
Мәселе мынада, егер Президент шағын және – атап айтамын! – орта бизнеске қолдауға нақты шаралар қабылдауды ұдайы талап етсе, үкіметтік құрылымдар болса қасарысып, осындай қадамдарды шағын кәсіпорындармен ғана шектейді, не орта бизнес туралы естігілері келмейді.
Мемлекет басшысының ШОБ-тің басымдылығы туралы көптеген бастамаларына қайшы келіп, заңнамаға жеңілдіктер тек шағын бизнес үшін енгізілуде: бұл салық кодексіне, мемлекеттік сатып алу туралы заңға, «Жеке кәсіпкерлік туралы» бейінді заңға және қандай да бір қолдау шараларын қарастыратын кез-келген актілерге қатысты болып отыр.
Шағын бизнеске – негізінен сауда-саттық, қызмет көрсету салалары және шаруа қожалықтары жатады.
Ал, кез-келген дайын өнімді өндіруші өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары, жабдықтарының құнымен және өндіретін инфракұрылымдарына байланысты объективті себептермен – шағын кәсіпорындар шеңберіне кірмейді және орта компаниялардың деңгейінен басталады.
Бірақ, біздің үкіметтік шенеуніктер өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдіктер мен преференцияларды алушылардың қатарынан сызып тастауға тырысады.
Нәтижесі бәрімізге белгілі – Президент үнемі талап етіп отырған ел экономикасын 50 %-ға өсіруге тиіс ШОБ, үлес қосудың орнына соңғы 10-15 жылда бір орыннан қозғалмай тұр.
Оның үстіне, біз ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін жеңе алмадық, себебі бізге өзімізде өндіруден гөрі, жат жұрттан өнім әкелу оңай. Себебі, қайталап айтамын, Президенттің талаптарына қарамастан шенеуніктер қолдағылары келмейтін өңдеуші кәсіпорын – ол негізінен орта бизнес.
Әрине, сауда-саттықта, қызмет көрсету салалары да шағын бизнесте – біздің әріптестер, кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдауға зәру, себебі маңызды әлеуметтік тапсырмаларды шешеді, жүздеген адамдарды жұмыспен қамтиды.
Ендеше, өңдеу кәсіпорындарын және орта бизнесті қолдау да өте маңызды оларсыз экономиканы индустрияландыру және технологиялық дамыту мүмкін емес.
Еуроодақта да, ДСҰ-на мүше-елдерінің көпшілігінде, тіпті Кедендік Одақ бойынша біздің әріптестеріміз – Ресей Федерациясы және Беларуста да шағын бизнес субъектілерін ғана емес, орта кәсіпкерлікті қолдау заңнамалық деңгейде шешіледі және жүзеге асырылады (Ресейде – «Шағын және орта бизнесті қорғау туралы» Федеральдық заң, Белоруссияда – «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау туралы» Заң).
Оның үстіне 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында (дәйексөз келтіремін): «Бүгінгі күннің міндеті – шағын кәсіпорындарды және жеке кәсіпкерлерді орта дәрежеге көшіру үшін қажетті жағдайларды және алғы шарттарды құру», сондықтан «Шағын және орта бизнестің талпыныстарын көтермелеу»..., оларды қолдау және көтермелеу жүйесін құру қажет деп көрсетілген.
Президент өткен жылы, 20 желтоқсанда Индустрияландыру күнінде (дәйексөз келтіремін): «Егер үкімет барлық министрлерімен бірге мен айтқан – шағын және орта бизнесті қолдаумен айналысатын болса – оларға құрмет пен мадақ болар еді» - деді.
Оның үстіне Президент Назарбаев ағымдағы жылы бизнесті қолдауға 1 трлн. теңге бөле отырып, бұл ақша өндірістік салаларға берілуге тиіс екенін ерекше атап өтті.
Бірақ, қолданыстағы барлық заңдар бойынша тек шағын бизнес, яғни, бөтен елдің тауарларын импорттаушы сауда-саттық қолдау көріп отыр. Ал, біз өзіміздің өндірушілерді қолдағымыз келмейді.
«Ақ жол» партиясының 19 желтоқсандағы шағын және орта бизнесті қызметінің алғашқы жылдары тексеруден босату туралы аталып өткен депутаттық сауалына Үкімет «шағын кәсіпкерлік субъектілерін ғана... тексерулерден босату бойынша ұстанымды ұстау орынды» деп жауап берген. Бұл бір ғана жағдай емес, мемлекеттік органдардың принципті ұстанымы, біздің пікірімізше, бұл Президенттің шағын және орта бизнесті де қолдау туралы айқын және кесімді тапсырмаларына тікелей қарама-қайшы.
Осындай алысты болжамаушылықтың басқа да жағымсыз салдарлары бар: біз шағын бизнесті одан ары қарай орта және ірі бизнеске өсуге жібермейміз. Кәсіпкерге салықты аз төлеу үшін, бір қызметін ЖК желілеріне бөліп-бөліп жіберу тиімдірек. Мұндай жағдайлар барлық жерде кездеседі. Бұл іс жүзінде, Президенттің биылғы Жолдауында маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленіп берген онсыз экономиканың инновациялық және технологиялық дамуы мүмкін болмайтын бизнесті жаңғыртудан және ұлғайтудан; инвестициядан бас тартуды білдіреді.
Осында, Орталық коммуникациялар кызметінде 26 қаңтарда сөйлегенде, мен Президенттің бизнесті қолдау туралы бастамасын «Ақ жол» партиясы іс-әрекеттеріне тікелей басшылық ретінде қабылдайды деп мәлімдегенмін.
«Ақ жол» партиясы бизнестің проблемаларын жеке жауапкершілік ретінде қабылдап, «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын әзірледі және 31 қаңтарда үкіметке жіберді. Онда жоғарыда атап көрсетілген ШОБ-ті қолдаудағы үйлеспеушіліктерді, сол сияқты осы саладағы басқа мәселелерді шешу ұсынылады. 28 ақпанда Әділет министрлігінде өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында мен осы заң жобасын таныстырдым, және біз жеке заңның орнына оның нормаларын әзірленіп жатқан Кәсіпкерлік кодексіне арнайы тарау етіп енгізуге келіскен болатынбыз.
4) Ұлт көшбасшысы тарапынан тағы бір жаңашыл қадам, оны айтпай кету мүмкін емес: бұл Бизнес-омбудсмен немесе кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкіл позициясын құру.
Біз бұл шешімге қуаныштымыз, себебі ол Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы атынан жеке бизнесті қолдау жүйесін шынайы толықтырады.
Бизнес-омбудсмен институты бизнес мәдениеті дамыған елдерде кең тараған.
Бизнес-омбудсменнің ерекшелігі бизнес-қауымдастық қатарына жатқандығымен және қоғамда «кәсіпкерлерді қорғаушы» деген қоғамдық танумен қоса оның ресми мемлекеттік мәртебесінің болуы. Бизнес-омбудсмен қызметіне тағайындауды негізінен Мемлекет басшысы жүзеге асырады (ЕО-ты қоспағанда, мұнда көбінесе парламенттік тағайындау).
Мәселен, АҚШ-та және Ресейде бизнес-омбудсменді Президент тағайындайды, Ұлыбританияда қаржылық даулар бойынша Омбудсмен Парламентпен тағайындалады.
Бизнес-омбудсмен атқарушылық немесе соттың шешімдерін жою немесе қайта қарау өкілеттілігіне ие бола алмайды. Оның функциялық мандаты жеке бизнестің заңды мүдделеріне қатысты талас-тартыстарға кеңес беру және кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған деп тапқан жағдайда, оларды қорғау мақсатында уәкілетті органдарға жүгіну болып табылады.
Бизнес-омбудсмен жұмысының маңызды бөлігі кәсіпкерлікті реттеуде олқылықтарды анықтау, қызметтің осы түрі бойынша заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау және енгізу болып табылады.
Бірқатар елдерде Бизнес-омбудсменнің міндетіне нақты мемлекеттік ведомстволарда кәсіпкерлердің құқығын сақтау және байқалып отырған тендециялар туралы Мемлекет басшысына және Парламентке жыл сайынғы есептер дайындау да жүктеледі.
Халықаралық тәжірибені және отандық болмысты ескере отырып, Қазақстандағы бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен Президенттің өзінің тағайындауы анағұрлым тиімді болар еді деп ойлаймын. Осы тұрғыда Бизнес-омбудсменнің жұмысын ұйымдық қамтамасыз ету ҰКП-на жүктелуі тиіс.
Бұл өте маңызды сәт, өйткені Бизнес-омбудсменнің тек Кәсіпкерлер палатасымен тағайындалуы, мемлекеттік органдармен дауларда және шиеленіскен жағдайларға қатысуына байланысты оның қызметінің артқарылуының тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Мемлекет басшысының қаралып отырған Мәлімдемесінде бизнесті қолдауға қатысты тағы да бірқатар маңызды сәттер бар, бірақ бізге сұрақтарға көшкеніміз жөн болар.
Бұл құжаттағы барлығымыз үшін ең бастысы – Президент Н.Назарбаевтың қазіргі өте күрделі кезеңде отандық бизнеске көмек көрсетуге орасан зор күш жұмсап отырғанына дұрыс баға беру. Біздің көз алдымызда бір-екі күнде ұлттық валюталар құлдырап, бірталай елдер банкротқа айналуда. Кипрде мемлекет бір шешіммен өзінің және шетел азаматтарының жинақ қорларын тәркіледі. Әлемдік нарық жанталасын жалғастыруда, әрине бұл біздің бюджеттің кірістеріне де әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен Президент экономикада құрылымдық өзгерістерге қол жеткізуге, кәсіпкерлерді толыққұқықты және толыққанды жұмыспен қамту үшін саяси күш жігер танытып қосымша шығындарға баруда. Мұны дұрыс бағалап, нақты жұмыспен және нақты натижелермен ақтау керек.