14 сәуір 2025 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз бөлімі
Бүгін «Ақ жол»
демократиялық партиясының орталық аппаратына Моңғолия Республикасының
Баян-Өлгей аймағының әкімі Заңғар Есентайұлы ресми сапармен келді.
Кездесу барысында Азат
Перуашев партияның негізгі ұстанымдары мен қызметі туралы айта келе, «Ақ жол»
демпартиясы әрдайым демократиялық даму мен нарықтық экономика жолында еңбек
етіп келе жатқанын атап өтті. Ол партия кәсіпкерлердің мүддесін қорғаумен қатар,
ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұлтжанды азаматтардың да ортақ алаңы екенін
жеткізді.
Азат Перуашев шетелдегі
қандастардың мәселесі партия назарынан тыс қалмайтынын айтып, бұған дейін Қытай
Халық Республикасына жасаған сапары барысында да Қытай Коммунистік партиясы
өкілдерімен кездесіп, ондағы этникалық қазақтардың жағдайын көтергенін еске
салды. Сонымен қатар, Моңғолия халқымен тарихи, мәдени байланыстарға тоқталып,
екі елді көшпелі өмір салты мен рухани ұқсастықтар жақындастыратынын атап өтті.
Ол Моңғолияда өмір сүріп жатқан қазақтардың өз мәдениеті мен тілін сақтап келе
жатқанын үлкен қуанышпен қабылдайтынын жеткізді.
Баян-Өлгей аймағының
әкімі Заңғар Есентайұлы өз сөзінде делегацияның Қазақстан астанасында өтіп
жатқан Қазақ қауымдастығының Іскер азаматтар форумына қатысу үшін келгенін
айтты. Бұған дейін аймақтық Азаматтар өкілдері Хуралының депутаты және
Демократиялық партияның аймақтық басшысы болғанын тілге тиек еткен Заңғар
Есентайұлы өзін бақытты қазақ ретінде санайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол соңғы
жылдары Қазақстандағы көші-қон саясатының жүйеленіп, оң бағытта дамып келе
жатқанына қуанышты екенін білдіріп, осы салада бірлескен жобаларды жүзеге
асыруға дайын екендіктерін айтты.
Мәжіліс депутаты Қазыбек
Иса Моңғолиядан келген 8 отбасына арнайы қолдау көрсетілгенін және оларға
құрмет көрсетіп, құшақ жая қарсы алғанын атап өтті. Қолдауды "Ақ жол"
демпратиясының мүшесі, «Тұран» қандастарға қызмет көрсету орталығының басшысы
Шәріпхан Шаймұрат ұйымдастырған.
Кездесу соңында партия
атынан Моңғол делегациясына естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, Азат
Перуашев жыл сайын Алаш қайраткерлерін еске алу мақсатында жасөспірімдер
арасында өтетін күрес сайысына Моңғолиядағы қандастарды да қатысуға шақырды.