17
Ақпан

Мораторий - төтенше шара /Азат Перуашев/ - Егемен Казакстан (Астана)

 
Оны шексіз қайталай беруге болмайды
Мораторий – бұл төтенше шара, оны шексіз қайталай беруге болмайды. Оның міндеті – бизнес үшін дамылдап алу ғана емес, сонымен бірге заң шығарушылықты уақыт талаптарына сәйкестендіру, бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормалар мен талаптарды жою.
Өткен жылдың соңына қарай бизнеске тексерулерге мораторий аяқталады. Одан бизнестің ұтқан немесе ұтылған жағдайлары болды ма? Жекелеген ақпараттар бар, бизнеске мораторий жарияланғанымен кейбір заң бұзушылықтар болып, оны тексеру жалғасты. Сіз бұл туралы не айтасыз?»,- деген сұраққа мен төмендегіше жауап берер едім. Бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы үшінші мораторий. Мемлекет басшысы мораторий енгізу туралы тапсырма бергенде, оны жәй тексеруге үзіліс болсын деп қана емес, үкіметке сонымен қатар осы кезеңді кәсіпкерлікті қолдау саласында заңнаманы, нормативті-құқықтық базаны жақсартуға пайдалануды тапсырды. Мораторий, әрине, бизнеске қолайлы, үлкен жеңілдік, бизнесті нақты қолдау, Бірақ бұл төтенше жағдай болғандықтан, ол уақытша ғана құбылыс, оны үнемі қайта-қайта соза беру мүмкін емес. Бизнеске, оны шығаратын тауарларына, қызметтерінің сапасына мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан да қойылатын талаптар бар. Бизнес өз жұмысын сол талаптарға сәйкес, заңды жолмен жүргізіп, әлеуметтік жауапкершілік алуға дайын болуы тиіс.
Мораторий белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. «Оны енгізудің себебі – заңдарымыздың және ведомстволар шығарып жататын құжаттардың шарттары бизнес үшін өте қиын, күрделі. Таусылмайтын, әсіресе, ШОБ-ті тексерулер, парақорлыққа итермелеп, жемқорлықтыққа жол ашады. Әрине, мұндай тенденциялармен күресуіміз керек,- деп есептейді «Ақ жол» көшбасшысы. – Егер мораторий уақыты – бизнес үшін маза бермейтін тексерулерден тыныстап алу, жеңілдік болса, мемлекеттік органдар, үкімет пен парламент, ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бұл қызу жұмыстың кезеңі болуы тиіс. Бұл уақыт ішінде қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, бизнесті тексеру жөніндегі құжаттарды жүйеге келтіріп алуымыз керек.
Мемлекеттік органдардың, мораторий біткен соң да, бизнесмендерге қысым көрсетуін тоқтатпайтын жағдайлардың болуы мүмкін. Бизнес мемлекеттік органдарға қарсы тұруға дайын ба? Егер қажет болса Сіздің жеке өзіңіз мораторийді созуға бастама көтеруге дайынсыз ба?,- деп көтеріліп отырған мәселені одан әрі қазбалай түсуге болады, әрине.
Елбасының тікелей қойған дәл осындай сұрағына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің лайықты жауап бергені еді. Мәжілісте бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту бойынша заң жобасымен жұмыс жүргізіліп, Кәсіпкерлік Кодексінің жобасын қарау жоспарланып отыр. «Алайда, егер де әлдебір себептермен Елбасының керекті заңдарды әзірлеу және қабылдау жөніндегі тапсырмалары мерзімінде немесе толықтай орындалмаса, бизнеске тектен-текке тиісе беретін әрекеттер жалғаса берсе, онда біз бизнестің мүдделеріне және заңды құқықтарына қайтадан нұқсан келтіру мүмкіндіктеріне жол бермеуіміз қажет.
Кәсіпкерлермен толып жатқан кездесулерде де осы мәселе алдан шығуда. Жуырда ғана мен Жезқазғанда, Шымкентте, Кентауда болдым. Сонда олар да өз күдіктерін айтты. Егер бизнесті қорғау және мораторийді ұзартуға мәжбүрлі қажеттіліктер қайтадан туындаса, онда мен сырттан бақылаушы болып қала алмай, депутат ретінде бұл мәселені айтуым керек.
Елбасының тапсырмасы тек үкіметке немесе министрлерге ғана емес, парламентке де қатысты, яғни бұл менің өз басым үшін де үлкен жауапкершілік. Ал жауапкершілікті мен әрдайым лайықты түрде көтеруге дайын болуым керек
 
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 30 (28508), 14.02.2015