11
Қантар

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Меркі қант зауытына барды

9 қантар 2024 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы

Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев Меркі ауданындағы жұмыс сапарын «Меркі қант» зауытында жалғастырды.

«Ақ жол» демпартиясынан сайланған Мәжіліс және әр деңгейдегі мәслихат депутаттары кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен, зауыттың жай күйімен танысты.

Бұдан соң Ержан Бейсенбаев зауыт жұмысшыларымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

Жамбыл облысында 2 қант зауыты бар. Оның бірі шетелден тасымалданатын қант құрағынан өнім өндірсе, Меркі ауданындағы зауыттың қабылдайтын шикізаты – қант қызылшасы.

Жамбыл облысында қант қызылшасы 2022 жылы 5,5 мың гектарға егілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есеге арттырылған. Алайда былтырғы қуаңшылықтың салдарынан алты ауданда шаруалардың еккен өнімдері түсім бермей, шығынға батқаны белгілі.


Қант қызылшасынан өнім өндіретін «Меркі қант» зауытының өндірістік кезеңі келіп түсетін шикізаттың көлеміне байланысты. Шикізат жоқ кезде зауыт жұмысы бірнеше айға тоқтап қалады.

Кездесуде жұмысшылар осы мәселені көтерді. Кәсіпорынның жұмысы алға басу үшін субсидия бөлу жолын қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ жыл өткен сайын зауытқа жас мамандардың келуі азайып бара жатқанын, кадр тапшылығы туындап отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, жиында тұрғындар ауданда, ауылдарда жол жөнделіп жатқанын айтты. Жасалып жатқан жағдайға қуанатындарын айта келіп, жол жақсарған соң, қоғамдық көлік те жүргізілсе деген мәселе көтерді. Депутаттар тұрғындардың сауалына, көтерген мәселелеріне байланысты жауап беріп, тұрғындар ұсынысы назарға алынатынын жеткізді.