11
Қантар

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Тараз қаласындағы шыны зауытының жұмысымен танысты

11 қантар 2024 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы

Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарында Тараз қаласында орналасқан шыны зауытының жұмысшыларымен кездесу өткізді.

«Ақ жол» партиясы отандық өнім өндірушілердің мәселесін көтеріп, өндіріс саласын дамытуға басымдық беріп келе жатқаны белгілі.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев кәсіпорын жұмысымен танысып, мамандармен тілдесті.

«Достық және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Серіктестік 2012 жылы аумағы 422 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратты және маңындағы 930 шаршы метр жерді қоса сатып алып, 2014 жылға дейін құрылыс-монтаждау, электр және сумен жабдықтау, газдандыру жұмыстары жүргізді. Құрылыс барлық талаптарға сәйкес орындалып, жұмыс сапасы Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің тексерісінен өткен соң шыны балқытатын, күйдіретін пештер салынды, технологиялық және қосалқы жабдықтар орнатылып, іске қосқан болатын.


Өндірістік цехта шыны банкаларды шығаруға арналған екі технологиялық желі бар. Бір желісі сыйымдылығы 1 литрге дейінгі банка өндірісіне арналған, екіншісі 2, 3 литр сыйымдылығы бар банка өндірісіне арналған. Зауыт консервілердің кең ассортиментін шығара алады, сондай-ақ жиынтық формаларының жеткілікті таңдауына ие.

Бір айта кететіні, зауытта пайдаланылған шыны ыдыстарды қабылдау қызметі де іске қосылған. Цехтан шығарылған өнімдердің барлығы қалдықсыз өндіріледі. Экологиялық залалсыз шыны шығаратын зауыт тұрғындардан пайдаланылған шыны қабылдау арқылы шаһардың тазалығына да септігін тигізіп келеді. Шыны өнімдер қоқысқа тасталса не топыраққа сіңіп кетпейді, отқа да жанбайды. Ал қайта өңдеуге жіберілсе, пайдасы көп.

Бұдан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев Жамбыл ауданының Шайқорық ауылының тұрғындарымен өткен кездесу жиынына қатысты.

Ауылда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Нысан құрылысына жер учаскесін белгілеу кезінде тұрғындар арасында бірқатар келіспеушіліктер туындаған болатын.

Бұған дейін аталған жер учаскесі талас-тартысқа түсіп, кәсіпкерлік және басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында 2019 жылы бірнеше кәсіпкерге берілген болатын. Кейін жер мақсатты түрде пайдаланылмаған соң, кейбір шешімдер күшін жойып, қайта қайтарылған. Жиында ауыл тұрғындары осы мәселені көтерді.