11
Қантар

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданында

11 қантар 2024 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы

Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Бейсенбаев Меркі ауданына барып, «Меркі» шипажайының қызметкерлерімен кездесті.

«Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Мұханбетәлі Шалқарбеков жиынды ашып, кездесуді сұрақ-жауып форматында жалғастыруды ұсынды.

Жылдың қай мезгілінде де жұмысы тоқтамайтын шипажайда қазірде емдеу-сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр.

Сонау 1958 жылы «Меркенка» демалыс үйі болып ашылған мекеме 1981 жылы «Меркі шипажайы» болып қайта құрылған. Шипажай орналасқан аумақ географиялық және климаттық жағдайы емдеу-сауықтыру мақсатына қолайлы.

Мұндағы ең маңызды мәселе –  аудан орталығынан 12 шақырым асфальтты жол қатынасының болуы.


Шипажайда радонға бай минералды су көзі бар. Жер астынан төрт жерден ұңғымадан шығып жатқан шипалы судың температурасы 21-23 градус. Судың құрамындағы радон газының емдік қасиеті өте жоғары, суы тұщы, минералдылығы 300 мг/л. Құрамында натрий, хлор, сульфат, фтор, кремний қышқылы бар. Шипалы судың сапасы мұқият зерттеліп, оны еліміздегі өте жоғары шипалы судың қатарына жатқызады.

Емдеу-сауықтыру орталығында білікті дәрігерлер корпусы қалыптасқан. Орта буын медициналық қызметкерлер мен мамандар да өз ісінің білгірі.

Кездесуде шипажай қызметкерлері нарықтағы баға бағамы, кәсіпкерлік салаларына қатысты сұрақтарын қойып, жекелеген өтініш-тілектерін жеткізді.

«Ақ жол» партиясынан Жамбыл облыстық мәслихатына сайланған депутат Дәурен Ахметжаев қатысушыларға туындаған мәселелер бойынша әр азамат Мәжіліс депутаттарына, жергілікті атқарушы органдарға ресми сайттарға тіркеліп, сауал жолдай алатындарын еске салды.

Қойылған сұрақтарға байланысты Ержан Бейсенбаев жауап беріп, тұрғындардың көтерген мәселесі назарға алынатынын жеткізді.

Айта кету керек, «Меркі шипажайында» «Ақ жол» партиясының бастауыш партия ұйымы құрылған. Бастауыш ұйымның мүшелері сайлау науқанында, басқа да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып келеді.

Жиын соңында «Меркі шипажайы» бастауыш партия ұйымының мүшелеріне Партия Төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің Алғыс хаттары тапсырылды.