10
Қазан

Мәжіліс мемлекеттік баспанаға құқығы бар адамдар тобын анықтауға бағытталған құжатты мақұлдады - www.inform.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Алайда, өз ұсыныстары Үкімет пен бас комитет тарапынан қолдау таппағандықтан Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы заң жобасын қолдаудан бас тартып, қарсы дауыс берді.
Еске салайық, құжаттың мақсаты қолданыстағы заң актілеріндегі қайшылықтарды жою, сыбайлас жемқорлық қылмысқа ықпал ететін нормаларды алып тастау арқылы заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Бұдан бөлек, құжат тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдарын енгізу, мемлекеттік баспана алуға үміткер адамдардың тобын анықтау үшін бюджеттік ұйым ұғымын енгізуді қарастырады. Уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді.
Сонымен қатар, кондоминиум нысандарын басқару органдарына қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша құқық бұзушылықтардың жаңа құрамы, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» туралы жаңа ұғым енгізіледі. Сонымен қатан, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданған.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.
 
Дерекнама - www.inform.kz (Казахстан), 08.10.2014