Мәжіліс спикері: Жол қозғалысы заңнамасындағы жаңа ережелер жемқорлыққа соқтырады - www.inform.kz
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата төрағасы Қабиболла Жақыпов осындай пікір білдірді.
Тоқтала кететін жайт, жиын барысында депутат Меруерт Қазбекова жол қозғалысы туралы жаңа заңның нормалары қоғам арасында үлкен резонанс тудырғанын айтып, соған қатысты бірқатар ұсыныстар жасаған болатын.
Өз кезегінде Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов заңның бұндай нормаларына қатысты құжатты әзірлеушілер мен комитет төрағалары тереңірек баруы керектігін айтты.
«Депутат Қазбекова дұрыс айтады, бұл тікелей сыбайлас жемқорлыққа апарады. Бұдан соң, жаңағы аптечкалар шығады. Онда үш дәке деп тұр, екі дәке болып шықса ше? Тіпті, сол үшеудің орнына бір үлкен дәке салып қойса не болады? Міне, мұндай жағдайдың бәрі жол бойында тұрған сержанттарға сеп болады. Ешкім де ештеңені дәлелдей алмайды ғой. Олар: «үш дәке болуы керек, қайда?», «12 жасқа дейін автоорындық болуы шарт, қайда?» деп кете береді. Бұл біздің жұмыс комиссиямыздың кемшілігі», - деді Қ.Жақыпов.
Жиын барысында депутат Меруерт Қазбекова жол қозғалыстарына қатысты жаңа ережелерге тоқтала келе, онда көлік жүргізушілеріне 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстап қалатын құрылғысыз алып жүруге тыйым салатын нормаға ерекше назар аударды. «Ақ жол» партиясы фракциясының атынан ол жоғарыда айтылған нормаларды жүзеге асыру үшін және автоорындықтармен қамтамасыз ету үшін 12 айлық мерзімге өтпелі кезең белгілеуді ұсынды. Сонымен қоса, көрсетілген мерзім ішінде заңның осы нормасын қайта қарап, оның ішінде 6 жасқа дейінгі балаларды автоорындықтармен қамтуға қарай жеңілдетуді, ал 6-12 жасқа дейінгі аралықта бұл норма міндетті емес, ұсыныс ретінде қарастырылуы керектігі туралы ұсынысын білдірді.
Дерекнама - www.inform.kz (Казахстан), 14.01.2015