Құрметті әріптестер.
Қарастырылып отырған заң жобасы өзінің қарабайыр атауына қарамастан, шын мәнінде көп жағынан жүйе құраушы маңызға ие және Президент Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасының қисынды жалғасы болып табылады.
Конституциялық реформаның девизі мемлекет басшысының «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» деген сөзі болғанын білгілі.
Алайда, нарықтық экономикада аты аталғандар емес, қаржыны басқаратындар ықпалды болады. Себебі, бірде-бір практикалық мәселе тиісті қаржыландырусыз түбегейлі шешілмейді.
Осыған орай, референдумнан кейін бір айдан соң, 2022
жылдың шілдесінде «Ақ жол» демпартиясы құқықтық құрылымды Конституцияның жаңа
редакциясына сәйкес келтіруге бағытталған түрлі заңдарға 60-тан астам түзетулер
пакетін дайындап, жолдады.
Бірақ, сол шақырылымдағы «Нұр Отан» фракциясы мен экс-коммунистер біздің ұсыныстарымызды өткізбей тастады.
Бүгін, бір жылдан кейін Мәжілістің жаңа құрамында жұмыс істей отырып, біз Бюджет кодексіне өз ұсыныстарымызды қайтара жолдап, үніміз естіледі деген үміттеміз.
Атап айтқанда, біздің бірқатар түзетулеріміз ұлттық
компаниялар, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» секілді мемлекеттік холдингтері, Даму
банкі, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) және т.б. тұратын квазимемлекеттік сектордың
таза пайдасын бюджетке аударуын қамтамасыз етуге арналған.
Бүгінде сарапшылардың бағалауынша, квазимемлекеттік
сектор ұлттық экономиканың 60%-ға дейінін құрайды. Мемлекет жыл сайын жарғылық
капиталды ұлғайту және ұлттық компаниялардың түрлі жобаларын қаржыландыру үшін
жүздеген миллиардтар бөледі. Ал олар мемлекетке таза пайданың шамамен 10
пайызын ғана қайтарады.
Соңғы 5 жылда квазимемлекеттік сектордың таза табысы 5
триллион 700 миллиардты құрап, соның 600 миллиардын ғана бюджетке қайтарған,
қалған 90 пайызын, яғни 5 триллион 100 миллиардты қоғам назары мен парламенттік
бақылаусыз өз қалауынша жұмсаған.
2020 жылы пандемия асқынып тұрған кезде де Президент
Тоқаев ұлттық компаниялардың табысының 100 пайызын бюджетке аударуды
бұйырғанмен, шын мәнінде олар табысының тек 16 пайызын ғана аударған. Яғни,
бюджетті талқылау кезінде парламент экономиканың 60 пайызынан түсетін кірістің
90 пайызын көрмейді – біз елдің нақты әлеуетінің жартысынан да азымен жұмыс
істеп жатырмыз.
Мемлекет ресурстарының қалған жартысы парламенттік
талқылаусыз және бюджеттік процедуралардан тыс жұмсалуда.
Ал, үкімет қаржы жетіспейді деп біресе Ұлттық қордан,
біресе Бірыңғай зейнетақы қорынан ақша алып, елді қыруар қарызға белшесінен
батыруда.
Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы ұлттық компаниялар мен
мемлекеттік холдингтердің табысын бюджетке аударуын, ал үкіметтің бұл
триллиондардың қайда, не үшін жұмсалып жатқанын жұртшылық алдында көрсетіп,
дәлелдеуін талап етеді.
Жаңа ғана министр депутаттардың сұрақтарына жауап бергенде атап өткен «есептілігі» - бұл парламентті фактімен бетпе-бет қою. Бұл тәсіл Конституция формуласына сай емес және біз өз ұстанымымызда қаламыз.
Бұл мемлекет міндетті жарналарды төлеуге мәжбүрлейтін
барлық бюджеттен тыс қорларға да қатысты: бұл Біріңғай жинақтаушы зейнетақы
қоры (БЖЗҚ), Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, кәсіпкерлердің тауарларды
таңбалау үшін төлемдері, автокөліктер мен техника үшін утильалым және т.б.
Өзінің сипаты бойынша міндетті төлемдер салықтардың бір
түрі болып табылады. Ал егер мемлекет адамдарды қандай да бір қорға төлем
төлеуге мәжбүрлейтін болса және Бірыңғай зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге
тарту туралы жарияланғандай, ол қаржыны халықтың назарынан тыс пайдаланса,
қоғам мұндай шешімдердің орындылығы мен оның шарттарын парламент арқылы
талқылауға толық құқылы.
Маргарет Тэтчер дәл айтқандай, «ешқандай мемлекеттік ақша
жоқ, салық төлеушілердің ақшасы ғана бар».
Сондықтан мұндай қорлардың да шығыстары мен кірістері де Парламентте ашық талқылануы тиіс. Министрдің бұл сауалға берген жауабымен де келіспейміз.
Үшінші. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, депутаттар
үкіметтің келісімінсіз шығыстарды ұлғайту немесе бюджет кірістерін қысқарту
мәселесін қарастыра алмайды. Депутаттардың мұндай ұсыныстарының барлығы
үкіметтің мақұлдауына жолдануы тиіс, ал, үкімет кез келген бастамаға тосқауыл
қоя алады.
Демек, халық сайлаған, елді толғандырған мәселелерді өз
көзімен көріп отырған депутаттар – министрліктегі немесе үкіметтегі шенеуніктің
рұқсатынсыз бірде-бір мәселені шеше алмайды, ал, ол шенеунікті ешкім де
сайлаған жоқ.
Ықпалды парламент пен есеп беретін үкімет тұжырымдамасына қайта оралсақ – сонда бұл жағдайда кім «ықпалды» және кім «есеп беруші»?
Тағы бір мысал, Бюджет кодексінде бюджеттік резервтер
бар, бірақ үкімет резерві (3,5%) президенттік резервтен (2%) көп.
Десек те, іс жүзінде қарасаңыз, Қостанай облысы мен
Семейдегі өрттер мен оның зардаптарын, Костенко атындағы шахтадағы жарылыс
салдарымен күресуге кім бұйрық берді, республика бойынша коммуналдық апаттарды
жоюды кім тапсырды? Әрине, Президент. Бірақ оның резерві үкіметтікінен аз.
Әкімдердің де бюджеттік резерві бар. Ал үкімет пен
әкімдер бұл резервті өз бетінше, парламентпен келісусіз пайдаланады.
Ал парламентте бюджет резерві мүлде жоқ.
Билікті бөлу принципі бойынша өкілді билік депутаттар
болып табылады, сайлаушылар соларға жүгінеді және олардан мәселелерді шешуді
талап етеді. Бірақ парламент те, мәслихат та қаржыға қатысты кез келген
мәселені өз бетінше шешуге құқығы жоқ. Ал қаржысыз бұл шешім емес, бос әңгіме.
Тағы да – кім ықпалды және кім есеп беруші?
Сондықтан біз бюджет резервтерін қайта қарап, ең жоғары
резерв президентте, содан кейін үкіметте болуы керек деп белгілеуді ұсынып
отырмыз.
Ықпалды парламент тұжырымдамасы аясында үкімет келіспесе
де, парламент мұндай шешімді қажет тапқан
жағдайда сайлаушылардың қоғамдық маңызы бар тапсырыстарын орындау үшін
парламентке шағын резерв берілуі керек. Бірақ бұл шешімдерді орындау барлық
бюджеттік рәсімдерге сәйкес атқарушы билік ретінде үкіметке жүктелуі тиіс.
«Ақ жол» фракциясының қаралып жатқан құжатқа басқа да ұсыныстары бар.
Көріп отырғаныңыздай, талқыланып жатқан заң жобасы шаруашылық емес, президенттің конституциялық реформасын жүзеге асырып, дамытатын жүйелік, тіпті саяси сипатқа ие.
Баяндамашылар айтқандай, жергілікті билік органдарының
функционалдығын күшейту, бюджетті азаматтарымыздың қажеттіліктері мен
үміттеріне икемдеу де осыған бағытталған.
Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі референдумнан кейін реформалардың жалғасын тауып, билікті сайлаушыларға жақындай түсетіні туралы айтқаны бекер емес.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы қаралып жатқан құжатты қолдайды және үкімет пен әріптестерді біздің ұсыныстарымызды екінші оқылымға дейін қабылдауға шақырады.
Назарларыңызға рақмет.