29 қазан 2025 жыл, Абай облыстық филиалы
Жаңа Семей аудандық мәслихатының ұйымдастыруымен оңайлатылған декларация
негізіндегі арнаулы салық режимі мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету
мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өтті.
Кездесуге Жаңа Семей аудандық мәслихатының төрағасы, Абай облысының
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Жаңа Семей ауданы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, ауданның экономика және қаржы
бөлімі мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ
аудан кәсіпкерлері қатысты.
Отырыста арнаулы салық режимі мөлшерлемесін төмендетудің маңыздылығы, оның
шағын және орта бизнеске тигізетін оң әсері мен өңірдің экономикалық дамуына
қосар үлесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар салық саласын жетілдіру,
кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайту, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік
беру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Аталған іс-шараға “Ақ жол” демократиялық партиясының мүшесі, Абай облысы
Жаңа Семей аудандық мәслихатының төрағасы Абильмажинов Ермек Төлегенұлы қатысып, партияның кәсіпкерлікті қолдау және
салықтық жеңілдіктер енгізу жөніндегі бастамалары туралы сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысында қатысушылар арнаулы салық режимі мөлшерлемесін
төмендету — аймақ кәсіпкерлері үшін маңызды қадам екенін атап өтіп, бұл шешім
жергілікті бизнестің дамуына және экономикалық белсенділіктің артуына жол
ашатынын жеткізді.



