Оффшордағы ақша қайтарылуы керек
Жуырда болған «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық ресурстардың арқасында тапқан қаражаттарын шетелдерде жинақтайтын бизнесмендердің ісін қатты сынады. Бүгінгі таңда отандық 18 компания шетелдерде 12,5 млрд долларға жуық қаражаттарын ұстап отыр екен. Президент Үкімет басшысына оларды елге қайтаруды тапсырды. Сонымен қатар Елбасының сөзіне қарағанда, мемлекеттің қарамағына қарайтын компаниялардың өзі үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында сыртта сақтайтын қаражаттарын 2 млрд-тан 6 млрд долларға дейін өсірген.
Осы мәселелерді айтып отырған себебім, біз де оны көптен бері айтып келе жатқан едік. Елбасы АҚШ-та, Англияда оффшорлық есепшоттарды ашып жатқанын айтты. Егер бұл ақшалардың шығу тегі күмәнді болса, оларды қолдануға болмайтынын бизнесмендер біле тұра қаражаттарын шетелдерде қалдырып отыр. Президент осы жолғы өзінің сөзінде: «Біз легализация жүргізгенде барлық активтеріңді елге әкеліңіздер дедік. Оларды ешкімнің де тартып алмайтынына кепілдік бердік. Үш рет легализация болды, ешкімнің де байлығын тартып алған жоқпыз. Ал енді қаражаттарыңызды шетелде сақтай беретін болсаңыздар, олардан айырылып қалуларыңыз мүмкін», деп ашық айтты. Бұл мәселенің бізді де толғандырғанына көп болған. Сондықтан осыдан бір ай шамасы бұрын Мәжілістегі «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының атынан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Бас прокурор Жақып Асановтың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Онда біздің партиямыз сыбайлас жемқорлыққа және капиталды оффшорлық зоналарға шығаруға қарсы күресті өзіміздің басымдығымыз етіп алғанымызды айтқанбыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік органдардың алдында бірнеше рет көтердік. Атап айтқанда 2013 жылдың 25 қыркүйегінде, 2014 жылдың 16 сәуірінде, 2015 жылдың 13 мамырында, 2016 жылдың 11 мамырында осы мәселелерді айтып, депутаттық сауалдар жолдадық. Біздің партиямыз тіпті, еуропалық саяси партиялар мен депутаттардан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі әріптестерімізден Қазақстаннан ұрланып, оффшорларда жасырынып отырған қаражаттарды елімізге қайтаруға көмек берулерін де сұрадық. Еуропарламенттің парламентаралық ынтымақтастық тобының отырысында да осы мәселені көтердік. Әрине, елден заңсыз шығарылған ақшаның бәрі қылмыстық жолмен табылғандар екені айдан анық. Мәселен, біздегі бір мемлекеттік компания медициналық жарақтарды қазақстандық бағадан 4 есе артық құнына Маршалл аралдары арқылы ақшаларын аударып алғанын біздің Есеп комитеті анықтады. Мұндай «ашық ауыздық» өз қалталарына түсетін қомақты үлесті ескеру арқылы жасалатыны сөзсіз. Сондықтан да осындай операциялар арқылы түсірілген қаражаттар Қазақстанда көрсетілмей, шетелге ағылады. Олар ешқашан да Қазақстан экономикасына қызмет етпейді, инвестиция ретінде құйылмайды. Біз халықаралық «Tax justice network» халықаралық ұйымының деректерінен Қазақстаннан оффшорларға ағылған капиталдың көлемі 20 жылда 140 млрд АҚШ доллары көлеміне жеткенін білдік, ал бұл біздің жылдық ІЖӨ-ге парапар сан. Тіпті мұны біздің мемлекеттік органдар да біліп отыр. Бас прокуратураның 2016 жылғы мәліметінде оның соңғы 10 жылдағы көлемі 100 млрд АҚШ долларына жеткені айтылды, ал бұл аталмыш халықаралық ұйымдікімен салыстырғанда көп емес, тіпті артық, өйткені алдыңғылар 20 жылдың деректерін айтып тұр. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі елімізден соңғы 10 жылда сыртқа тура инвестиция түрінде ағылған қаражаттың көлемі 113 млрд долларға жеткенін айтты. «Forbes Kazakhstan» деректеріне қарағанда, соның 58,5 млрд доллары оффшорларға құйылған. Мұның өзі заңды түрде, шығарылған сома, ал жасырын, қылмыстық жолмен ағылып жатқан қаражат көлемі қанша екенін ешкім де білмейді. «Ақ жол» фракциясының депутаттары заңсыз шығарылып жатқан қаражаттарға тоқтау салуды, капиталдың сыбайластық жолымен сыртқа ағылуын тоқтатуды, экономиканы де-оффшоризациялауды талап еткен депутаттық сауалдарына істеліп жатқан жұмыстар туралы үнемі оптимистік нотадағы жарқын жауаптар алып келді. Бірақ іс жүзінде істелген жұмыстар еш нәтиже бермеген сияқты. Ақыры бұл мәселе Мемлекет басшысына да жетіп, оны да толғандырып отыр. Егер осыған дейін тиісті органдар біздің сауалдарымызға сәйкес тиімді күрес жүргізген болса, сыртқа ағылатын қаражатқа бір тыйым болар еді. Әрине, олар мүлде жұмыс істемеген деп айтпаймыз, бірақ жұмыс нәтижесін арттыра алатын мамандарды бұл іске жаппай тарту керек сияқты. Енді, Елбасының талабынан кейін бұл істің нәтижелі боларынан үміттіміз. Сайып келгенде сыртқа ағылған байлықтың бәрі Қазақстан халқынікі ғой. Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі.