Қолдау штабы құрылды /Ләйла Еділқызы/ - Егемен Казакстан (Астана)
Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ғимаратында брифинг өтіп, онда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың құрылғаны жария етілді. Штабты Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарады. Штаб құрамында, сондай-ақ, жетекші саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, ғылымның, мәдениет пен өнердің белгілі өкілдері, отандық спорт жұлдыздары, белгілі кәсіпкерлер бар.
Брифингке «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев, Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин, академик Кенжеғали Сағадиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Халық банкі» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысып, сөз сөйледі.
Жиында Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісіне аса зор сенім жүктелгені үшін Мемлекет басшысына ризашылық айтылып, жергілікті жерлердегі жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан бойынша алдағы президенттік сайлауға кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық штабтар құрылғаны жеткізілді.
Брифингте сөз алған Мұхтар Құл-Мұхаммед алдағы уақытта Штаб мүшелері президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа жан-жақты қолдау көрсетумен, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен және сенім білдірілген адамдардың қызметін үйлестірумен айналысатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылай келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед «еліміздің саяси тұрақтылықты одан әрі нығайту, бірлік пен бақуатты тұрмыстың кепілі ретінде этносаралық, конфессияаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, түпкі мақсаты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясының бағытын жалғастыру, ұлттық экономиканың дамуына қуатты серпін беретін «Нұрлы Жол» бағдарламасын қарқынмен жүзеге асыру, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымын кеңейтіп, қарқынын үдете түсу, еліміздің бүкіл аграрлық саласын түбегейлі жаңғырту, әлемдік дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтап, жаңа өндіріс ошақтарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру, Елбасы бастаған Жаңа Экономикалық Саясаттың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігіне шетелдік және отандық инвесторлардың сенімін арттыру, геосаяси әлемдегі тұрақты әрі сенімді әріптес және аймақты көшбасшы ретіндегі тұғырымызды нығайта түсу» Қазақстан халқының қалауы екенін атап өтті.
Және ең бастысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау арқылы біз: еліміздегі саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуды; бірлігіміз бен берекеміздің берік кепілі – ұлтаралық, дінаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуді; бізді әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосатын «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағытын жалғастыруды; ұлттық экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз ететін «Нұрлы Жол» бағдарламасын рет-ретімен орындауды; үдемелі индустриялық-инновациялық даму мен бүкіл аграрлық саланы жаңғыртуды кең көлемде жүргізуді; әлемдік дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтап, жаңа өндіріс ошақтарын ашуды; халықтың әл-ауқатын арттыруды; Елбасының басшылығымен жүзеге асатын экономикалық бағыттың беріктігіне шетелдік және отандық инвесторлардың сенімділігін арттыруды қалаймыз, деді Мұхтар Абрарұлы.
«Бұл шешім халқымыздың бірлігі мен жасампаздығын еселеуге, Отанымызды өркендетіп, одан әрі күшті, қуатты ете түсетініне кәміл сенемін», деді сөзінің соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен, сайлауалды науқан аясында Республикалық қоғамдық штаб еліміздің бүкіл аймағын аралап, тұрғындармен, оның ішінде жастармен, еңбек ұжымдарымен, зиялы қауыммен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуді көздеп отыр. Сонымен қатар, үгіт-насихат шаралары кезінде кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмыс істеп, оған азаматтар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстары бойынша келе алады.
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 49 (28527), 14.03.2015