20
Наурыз

Қолдау штабы іске кірісті /Бағдагүл Балаубаева/ - Ана тiлi (Алматы)

 
Жақында Астанада «Нұр Отан» партиясының ХVI съезі өтіп, онда партия мүшелері Президенттікке үміткер ретінде өз өкілін бірауыздан ұсынған болатын. Іле-шала «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау мақсатында Республикалық қоғамдық штаб құрылды. Штабты Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарады. Қоғамдық штабтың басты мақсаты – партия атынан Президенттікке кандидат Н.Ә.Назарбаевқа жан-жақты қолдау білдіріп, оның сайлауалды тұғырнамасымен сайлаушыларды таныстыру әрі түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ғимаратында өткен брифингте сөйлеген сөзінде штаб жетекшісі Мұхтар Абрарұлы былай деді: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау арқылы біз: еліміздегі саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуды, бірлігіміз бен берекеміздің берік кепілі болып табылатын ұлтаралық, дінаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуді, бізді әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосатын «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағытын жалғастыруды, ұлттық экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз ететін «Нұрлы жол» бағдарламасын рет-ретімен орындауды, үдемелі индустриалды-инновациялық даму мен бүкіл аграрлық саланы жаңғыртуды кең көлемде жүргізуді, әлемдік дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтап, жаңа өндіріс ошақтарын ашуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды, Елбасының басшылығымен жүзеге асатын экономикалық бағыттың беріктігіне шетелдік және отандық инвесторлардың сенімділігін арттыруды қалаймыз».
Жиында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Пе­руашев, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев, «Патриоттар» партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин, академик Кенжеғали Сағадиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Халық банкі» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, Қазақстан кәсіподақтары федерация төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов және т.б. сөз сөйлеп, өзекжарды мәселелермен бөлісті.
Сондай-ақ Республикалық қоғамдық штабтың бөлімшелері жер-жерде құрылып, сайлауалды науқандық жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Штаб мүшелері ауыл-аймақ, елді мекендерді аралап, еңбек ұжымдарымен, ауылдық ақсақалдар кеңесімен, тұрғындармен кеңесіп, бірлесе жұмыс жасауды көздеп отыр. Сонымен қатар бөлімшелерде үміткердің қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмыс жасайды. Оған кез келген азамат өзінің ұсыныс-тілегін, пікірін ашық жеткізуге құқы бар.
 
Дерекнама - Ана тiлi (Алматы), № 11 (1269), 19.03-26.03.2015