11
Қыркүйек

Оралда баға қалыпты /Гүланар Шаңгерей/ - Экономика (Алматы)

 
«Әділ баға» акциясына қатысушылар пікірі осындай
«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Айқын тариф» партиялық жобасы аясында «Әділ бағалар» акциясын өткізді. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау мақсатында өткізілген шараға «Нұр Отан», «Бірлік», «Ақжол», Жалпыұлттық социал-демократиялық, Қазақстан коммунистік Халық, «Ауыл», «Патриоттар» партияларының және БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Шараға қатысушылар облыс орталығындағы тұтынушылар көп баратын «Мирлан» әмбебап базарына бас сұғып, баға мониторингін жүргізді. Сүт павильонындағы бағалардың қалыпты, өзгермегені сырт көзге анық байқалды.
Жергілікті «Береке» кәсіпорнының ірімшігінің келісі 630 теңгеден, «Жастық» агрофирмасының «Алматы» сары майы 350 келіден сатылуда. Сатушылар сүт өнімдеріне, жұмыртқаға бағаның бұрынғы күйінде сақталғанын айтты. Шұжық өнімдері павильонында да жергілікті шұжық өнімдерінің бағалары өзгермеген. Сатушы Нұрсұлу Жәлелқызының айтуынша, ет өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бағаны көтермеу жөнінде меморандумға қол қойғандықтан, бағаны өсірмей отыр.
Базардағы дүңгіршіктерде 1-сортты нанның бағасы 45, 50 теңгеден тұрды. Рейдке қатысушылар бір нанды таразыға тартып, оның салмағының 600 грамм, яғни талапқа сай екендігіне көз жеткізді. Көкөніс бағасы да өсе қоймаған. Тек көкөніс павильонының ішіндегі әлеуметтік маңызы бар саналатын картоп, пияздың бағалары сыртта, сөрелерде сатылып жатқаннан сәл-пәл жоғарылау екен. Мұны сатушы Жанна Сағынғалиева павильонның ішіндегі өнімдердің іріктелгенімен әрі тек бөлшек саудада сатылатындығымен байланыстырды. Базар аумағындағы күріш, 1-сұрыпты бидай ұнының, қарақұмықтың, макарон өнімдерінің бағалары қалыпты болса, кей жерлерде қанттың бағасы жоғарылау екен. Расында, қант бағасы түрліше, бірақ базарда қанттың келісін 160 теңгеден ұсынатын орындар баршылық. Ет павильонындағы қой еті 750-ден, сиыр еті 800-900 теңгеден сатылуда.
– Базардағы баға тұтынушы ретінде көңілімнен шығады. Бағаның өскені байқалмайды. Өзім азық-түлікті «Алтын алма» базарынан аламын, онда баға мындағыдан әлдеқайда төмендеу, – деді рейдке қатысушы «Бірлік» саяси партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұхит Бисенғалиев.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Нұрхат Жанбоздың айтуынша, жүргізілген рейд қорытындысы базардағы бағалардың ҚР Экономика министрлігінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне 3-тоқсанға белгілеген шекті бағаларынан аспайды. «Бағаның негізсіз өсірілгені байқалса, тиісті мемлекеттік құрылымдарға хабарланып, тиісті шаралар алынбақ. Сауда орындарындағы баға бақылауға алынған. Біздің партияның бастамасын өзге партиялар да қолдады. Бұл шара бір күнмен шектелмейді», — деді Нұрхат Жанбоз.
Орал қалалық әкімдігінде де бағаны бақылау жұмыстары қолға алынған. Орал қаласы бойынша «Ел ырысы», «Заря Востока» (Зашаған кентінде) базарларында және М.Ықсанов атындағы орталық көшеде демалыс күндері жәрмеңкелер өткізілуде. Оған 30-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысуда.
– Сауда орындарында қант бағасының өскені байқалып отыр. Бұл мәселеге қатысты бәсекелестікті қорғау құрылымдары тексеру жұмыстарын жүргізуде және оның қорытындысы айтылатын болады. Қала бойынша қантты көтерме бағамен жеткізуші болып «Шанс» ЖШС анықталған, серіктестіктің базасында қанттың көтерме бағасы 165 теңгеден. Әрине, баға барлық жерде бірдей емес. Қаланың бір түпкірінде қанттың келісі 180-нен болуы мүмкін. Қымбат болса, базарға барып, арзан жерден алуға болады ғой, – деді Орал қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерлан Бақтияр. Оның айтуынша, «Атаба» (3 орында), «Дина», «Дом еды», «Фреш» сықылды ірі сауда орындарында арзан азық-түлік ұсынатын сауда сөрелері жасақталған. Айтқандай, «Мирлан» базарының әкімшілігі де азық-түлік бағаларының өспей, халыққа қолжетімді болуы үшін бірқатар шаралар алған. Менеджер-статист Альфия Акчуринаның айтуынша, жергілікті жұмыртқа, шұжық, балық-ет қалбырлары, пакеттегі сүт, өлшеніп құйылатын шемішкемай өнімдерін сатушыларға орынақыны 50-100 пайызға арзандатып беріп отыр.
Қорыта айтсақ, рейдке қатысушылар «Миландағы» бағаның қалыпты екеніне көз жеткізді.

Дерекнама - Экономика (Алматы), № 36 (418), 10.09-16.09.2015