Оралдағы орны бөлек кездесу /Асқар Алтай/ - Айкын (Алматы)
Елбасының есімін Қазақстан халқының әл-ауқатымен және елдегі тұрақтылықпен бөліп-жаруға болмайды. Қарапайым халыққа бірінші кезекте бейбітшілік пен тыныштық, жұмыс және баспанасы болғаны керек.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штаб мүшелері Оралда студенттермен, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының және «АКАС» агрофирмасының қызметкерлерімен, сонымен қатар облыстық этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті.
Делегация құрамына Республикалық қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚХА Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Ақжол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бiрлiк» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Артур Платонов, ҚР Парламентінің депутаттары, ақын Ақұштап Бақтыгереева, спорт ардагері Әмин Тұяқов және т.б. болды.
Түске дейін РҚШ мүшелері Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының («БҚМК» АҚ) қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында кәсіпорын жұмысшылары президенттік ҮИИД бағдарламасы арқасында өзге зауыттар сияқты бұл компания да қарқынды түр-де дамып келе жатқанын айтты.
Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының қызметкерлері «Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлының басқаруымен тәуелсіздік жылдары индустриялық даму саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізгенін» атап өтті. Жаңа инновацияларды енгізу, өндірісті жаңғырту – мұның барлығы Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан саясатының арқасында».
– Елбасының есімін Қазақстан халқының әл-ауқатымен және елдегі тұрақтылықпен бөліп-жаруға болмайды. Қарапайым халыққа бірінші кезекте бейбітшілік пен тыныштық, жұмыс және баспанасы болғаны керек. Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығын қамтамасыз етті, – деп атап өтті «БҚМҚК» АҚ-ның қызметкері Татьяна Пантелеева.
РҚШ мүшелері барған тағы бір жер – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті. ЖОО жыл сайын агроөнеркәсіптік салаға 5000-ға жуық маманды оқытып шығарады.
– Сапалы білім мен жастардың қолдауы қашанда Мемлекет басшысының назарында болды. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен мақұлданған және он мыңнан астам қазақстандыққа шетелдің жетекші ЖОО-ларында білім алу мүмкіндігін берген «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы мысал бола алады. Сондықтан Қазақстан жастары Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды! – деп атап өтті БҚАТУ экономика факультетінің түлегі Зәмзәгүл Сұлтанова.
Түстен кейін РҚШ мүшелері «Агрофирма «Ақас» сүт-тауарлық фермасының жұмыскерлерімен кездесті.
– Біздің Президентіміз әрдайым Қазақстанда еңбек адамы жұмыссыз қалмайтынын айтқан еді. Елбасыны арқамыз тауға сүйенгендей сезінеміз. Сондықтан оған сенеміз, және сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береміз! – деді ферманың жұмыскері Әлия Жұмашева.
РҚШ мүшелері сондай-ақ облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Аймақта 90-нан астам ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімде тіршілік кешіп жатыр, 48 этномәдени бірлестік өз қызметін жүргізуде.
ҚХА мүшелері Елбасының Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіндегі бағасыз рөлін атап өтті. Олар өздерін Елбасының басты халықтық тірегі деп санайды және барлық қазақстандықтарды 26 сәуір күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс беруге шақырады.
Дерекнама - Айкын (Алматы), № 66 (2698), 14.04.2015