15 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демпартиясының Қостанай облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясының мүшесі, Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Меруерт Жабаева, депутат Гүлфия Дандыбаева бірге «Надежда» жануарларды сауықтыру орталығының жұмысымен танысты.
Орталық жұмысымен Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының биологиялық қауіпсіздік басшысының міндетін атқарушы Алик Сиданұлы таныстырып, иттерді уақытша паналату орталығына экскурсия жүргізді.
Алик Сиданұлының айтуынша, адамдар қаңғыбас иттер жүрген жерлер туралы «iKomek», полиция немесе волонтерлік сенім телефондарына жүгінеді. Мамандар сол орындарға барып, қаңғыбас иттерді жарақатсыз түрде ұстап, содан кейін кинологтар олардың адамдарға шабу-шаппауын тексереді. Егер жануар сау болса, оны зарарсыздандыруға, егуге жібереді, артынша чиптеп, таңбалайды. Осының барлығына ТОО Reliable partner 2017 жауапты болса, ветеринарлық станция чиптеу жұмыстарын жүргізеді.
Қазір 110-ға жуық жануар зарарсыздандыру кезегінде тұр. Бір жануарға арналған барлық процедуралар, соның ішінде операциядан кейінгі қалпына келу мерзімі 10-15 күнді құрайды. Шамамен бір жануарды уақытша ұстау изоляторында ұстау мемлекетке 20 мың теңгеге түседі.
Соңғы 10 күнде Қостанайда 89 ит зарарсыздандырылды. 15 күн өткеннен кейін итті өзіне алатын адам табылмаса, ол табиғи ортасына қайтарылады. Еске салайық, қаңғыбас иттерді атуға тыйым 1 наурыздан бастап күшіне енді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңға сәйкес, айықпас дертке шалдыққандар және агрессивті иттер ғана өлтіріледі. Қалғандарын зарарсыздандырып, вакцинациялап қайта босату керек.
Осы мақсатқа бюджеттен қанша қаржы бөлінді, қаңғыбас иттерді зарарсыздандырумен қанша мекеме айналысады, атқарылып жатқан шаралар қаншалықты нәтижелі?
Бұл мәселелер терең зерттеуді қажет ететіндіктен онымен депутаттар айналысады.