03
Шілде

Оқулықтар айырмашылығынан оқушы зардап шекпесін! - 'Қазақ үні' газеті

 Казак yнi (Алматы), № 26 (635), 30.06.2014 ж.

ҰБТ кезінде екі түрлі оқулық кесірінен Айару Халил «Алтын белгіден» айрылды…

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі А.Б. Cәрінжіповке

Құрметті Аслан Бәкенұлы!

Маусым айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 87 593 түлек қатысқан, бұл мектеп бітірушілердің 95,1 %-ы. Биыл ең төменгі, яғни 50 балдан төмен алған түлектердің саны 2013 жылға қарағанда 5,7 %-ға азайса, 100 балдан жоғары көрсеткішке жеткен түлектердің саны 1900-ге көбейген. Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу, ұйымдастыру барысында айтарлықтай дау-дамай туындаған жоқ. Бұл министрлік тарапынан атқарылып жатқан үлкен жұмыстың дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетіп, бұрын айтылып жүрген ұсыныстар мен ескертпелердің ескерілгені.

Алайда, аппеляциялық комиссияға өтінім беріп, оның шешіміне жүгінгендер де аз болған жоқ.

Министрлік өкілінің бізге берген ақпарына жүгінсек өткен аптадағы комиссия талдаған 80- ге жуық өтінімдердің 12-і ғана қанағаттандырылған. Ал қанағаттандырылмаған шағымдардың бірі төмендегідей:

«Ақ жол» партиясынан мәселесін оң шешілуіне қолдау сұраған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №110 мектеп-лицейдің түлегі Хали Айару Мақсатқызының 3 маусым күні өткен ҰБТ-да «Алтын белгіні» қорғауына Қазақстан тарихы пәнінен бір балл жетпей қалған. Біздің ойымызша бұл сәтсіздік пәнді дұрыс білмегеннен емес, сұраққа байланысты. Сұрақ мәтіні: «Қазақ хандығында бір мезгілде екі астана болған уақыт». Оқушы жауабы: ХVІ ғасырда Қасым ханның тұсында Түркістан және Сарайшық қалаларын бір мезгілде астана еткен. (Сүйенген оқулық: «Орта ғасырларлардағы Қазақстан тарихы», Алматы қаласында «Атамұра» баспасы 2012 ж. 161-бет, 1-абзац)

Екінші жауабы: XVІІ ғасырда Есім хан Түркістанды астана етсе, ал Тұрсын Ташкент қаласында өзін тәуелсіз хан жариялады. (Оқулық: «Орта ғасырларлардағы Қазақстан тарихы», Алматы қаласы, «Атамұра» баспасы, 2012 ж. 168-бет, 1-абзац)

Осылайша бұл сұраққа 2 түрлі жауап беруге болады (оқулық беттерін қоса жіберіп отырмыз). Ал аппеляциялық комиссия мүшелері оқушының ескі мәліметке сүйенгенін алға тартқан.

Бұл ретте оқушыға кінә арту ретсіз. Ауыл оқушысының ескі мәліметті қасақана пайдаланбағаны белгілі. Талапты жастардың еңсесін түсірмей, оларды қолдап, мүмкіндік беріп, болашағына жол ашу әрбіріміздің міндетіміз. Ұлттық бірыңғай тестілеу науқанында да осы қағиданы қатаң сақтауы тиіс.

Құрметті Аслан Бәкенұлы, жоғарыда баяндалған мәселе негізінде тиісті комиссияның мектеп түлегі Хали Айару Мақсатқызының және тағыда басқа әділдік іздеген түлектердің өтінімдері қандай негізге сүйеніп қанағаттандырылмағанын анықтауды және бірыңғай тестілеуді одан әрі тиімді, сапалы өткізу үшін тест сұрақтарын және оқулықтардағы мәліметтерді түпкілікті талдауға ықпал етуді сұраймыз.

 Құрметпен, «Ақжол» ҚДП фракциясының депутаттары: А. Перуашев, А. Тұртаев, Е. Никитинская, Н. Жазылбеков, М. Қазбекова, С. Қадыралиева, Т. Ерғалиев, А.Әбілдаев