22
Қазан

Параволейболшыларымыз тарихи жетістікке жетті

22 қазан 2025 жыл, Атырау облыстық филиалы

2025 жылдың 9–18 қазан күндері АҚШ-тың Индиана штаты, Форт-Уэйн қаласында өткен отырып ойнау волейболынан (параволейбол) Әлем кубогі жарысында Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасы алғаш рет қола жүлдеге ие болды. Бұл – ел тарихындағы айтулы жетістік.

Команда сапындағы 13 спортшының 10-ы — Атырау облысының атынан сынға түскен жерлестеріміз. Олар ел намысын абыроймен қорғап, табандылық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсетті.

Жеңімпаз спортшыларды Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайда облыстық спорт және туризм басқармасының өкілдерімен бірге “Ақ жол” демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының өкілдері мен мәслихат депутаттары салтанатты түрде қарсы алды.

Партия өкілдері спортшыларды тарихи жеңістерімен құттықтап, ел намысын асқақтатқан еңбектеріне ризашылық білдірді. Бұл жеңіс – қазақстандық параспорттың дамуына серпін беріп, жас буын спортшыларға үлгі болары сөзсіз.