3 шілде 2024 жыл, «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалы баспасөз қызметі
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облысының әйел-депутаттарымен және әйелдер қауымымен кездесті. Отырыста соңғы заңнамалық өзгерістер талқыланды.
Дания Еспаева өз сөзінде өткен сессияда Мәжіліс әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған бірқатар заң қабылдағанын айтты. Ең негізгілері – тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы қылмыспен күресуге қатысты түзетулер, кредит беру кезіндегі қатерлерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер мен «Ұлттық қор балаларға» заңы.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова aлдағы уақытта еңбек кодексіне қудалау ұғымын енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ депутат жыныстық қудалауға қатысты жауапкершілік пен алимент өндіруге көмектесу шаралары қарастырылып жатқанын атап өтті.
Жиында Ақтөбе облысында белсенді әйелдердің рөлі артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі таңда облыста компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Жалпы облыс бойынша кәсіпкерлердің 56,5 пайызы – әйелдер.
Жиынға қатысушылар білім беру ұйымдарына
лицензия беру, гендерлік теңдікті қолдау, ажырасу кезінде мүлікті бөлу, мектеп
оқушылары арасындағы бұзақылық, балабақшадағы маман тапшылығына қатысты және
басқа да мәселелерді көтерді.