02
Шілде

Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дәния Еспаева Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді

2 шілде 2024 жыл, «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалы баспасөз қызметі

 

Ақтөбе өңіріне іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің төраға орынбасары Дәния Еспаева “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан, Есет батыр-3 шағын ауданындағы 2000 орындық мектеп құрылысымен танысты.

Мектеп құрылысының бюджеті 8,8 млрд. теңгені құрайды. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар болады. Жоба жетекшісі Мирлан Төлегенов жыл соңына дейін құрылыс жұмысының аяқталатынын айтты. Депутат аталған нысанның уақытында аяқталуына көңіл бөліп отыр.

Сонымен қатар, Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығы құрылысын бақылады.

Аталмыш нысанның құрылысы 2022 жылы бастау алған. Бірақ орталықтың оңалтуға арналған құрылғыларының қымбаттауына орай, жобалық сметалық құжаттарға түзету енгізу жоспарланған. Осының әсерінен, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың ақпан айынан бері тоқтап тұр.Қазір облыстық бюджет комиссиясының шешімін алуға құжаттар дайындалып жатыр.

 

Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Самат Лепесовтың айтуынша, науқастарды оңалтауға арналған құрал жабдықтардың құны бірнеше есеге дейін қымбаттаған.

-Бұрын 157 млн. теңге болған құралдың құны қазір 450 млн. теңгені құрайды. Сондықтан да нысанның жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу көзделді. Құрылыстың бұрынғы құны 6 439 949,2 мың теңге болса, оның 4 млрд. теңгесі игерілді, - деді ол.