Парламенттің алтыншы шақырылымы алғашқы сессияны аяқтап, депутаттар парламенттік каникулға кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Еске сала кетсек, алтыншы шақырылған Парламенттің бірінші сессиясы 3 ай немесе 100 күннен аса ғана жұмыс істеді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл әдеттегі сессиялардың үштен бір бөлігіне ғана тең.
«Алайда, осы кезең ішінде ел өмірінде маңызды рөл атқаратын құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, осы сессия барысында қос палатаның үш бірлескен отырысы, Мәжілістің 12, Сенаттың 6 жалпы отырысы өтті. Бұл кезеңде Мәжіліс қарауында 42 заң жобасы болды. 7 заң жобасын депутаттарымыздың өздері әзірледі. Осы сессияда Мәжіліс 13 заң жобасын мақұлдап, Сенат 12 заңды қабылдады», - деді Н. Нығматулин.
Оның айтуынша, бірінші сессия барысында 3 Үкімет сағаты, тұрақты комиттеттердің 109 отырысы, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 160 отырысы, 7 «дөңгелек үстел, комитеттердің 3 көшпелі отырысы өткізілген.
Жұмысты қорытындылаған Мәжіліс спикері депутаттық корпустың алдағы заң шығару қызметіне табыс тіледі.