17
Ақпан

Партия ұстанымы айқын - Егемен Казакстан (Астана)

 

«Ақ жол» партиясы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдайды – бұл жөнінде кеше ҚДП Орталық кеңесі төралқасының отырысы өткен соң, Азат Перуашев мәлімдеді.

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы 2015 жылы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу идеясына қатысты өзінің ұстанымын білдіруді маңызды деп санайды. Мұндай бастамамен 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шыққаны белгілі, деді партия төрағасы.

Сондай-ақ, ол аталған мәселе партияның Орталық кеңесі Президиумында талқыланғанын айтты. Бұл идеяның қазірдің өзінде қоғамда оң пікірлер туғызып жатқаны белгілі, деді ол.

Бұған байланысты, «Ақ жол» партиясының мүшелері мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеуді қажет деп санайды. Біз бұл тағдыршешті қадам ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге сай келеді деп есептейміз. Әлемдік тұрақсыздық, сыртқы экономикалық дағдарыстың қысымы жағдайларында Қазақстанда Президент ұсынған «Нұрлы Жол» дағдарысқа қарсы саясатын іске асыруға күш-жігерді жұмылдырудың маңызы зор, деді А.Перуашев.

Сонымен қатар, ол мәселенің құқықтық жағын да атап өте келіп, бұл шара конституциялық өткізу мерзімдері 2016 жылға қатар келіп тұрған президенттік және парламенттік сайлауларды айырып өткізуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Егер оң шешім қабылданып жатса, мерзімінен бұрын президенттік сайлау біздің елімізді дамытуда жағымды рөл атқаратынына сенімдіміз. Ол сыртқы экономикалық дағдарыстың жағымсыз әсерін табысты еңсеруде және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолын жалғастыруда шешуші шартқа айналатын болады, деді А. Перуашев.

Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 31 (28509), 17.02.2015