03
Қараша

Перуашев: "Бюджет қаржысын жымқырғандарды мүлдем түрмеден шығаруға болмайды" - "Express Qazaqstan"

https://exk.kz/kk/news/113022/pieruashiev-biudzhiet-karzhysyn-zhymkyrgandardy-muldiem-turmiedien-shygaruga-bolmaidy

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылыққа жемқорлық бойынша сотталғандар ілігуі мүмкін екенін айтқан. Осыған қатысты депутаттар пікір білдірді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Меніңше, жемқорлық үшін сотталған, әсіресе, қыруар қаржы ұрлағандарды бостандыққа шығармауымыз керек. Бұл бұрынғы мемлекеттік лауазымдарда отырған экс-шенеуніктерге қатысты. Халықтың ақшасын ұрлағандарға аяушылық болмауы тиіс,

— дейді Азат Перуашев.

Әлеуметтік желіде жемқорлық бабы бойынша сотталған шенеуніктердің Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге жазған хаты жарияланған болатын. Азат Перуашев осыған қатысты да өз ойын айтты.

"Бұл хатты көрдім. Біз бұл бап бойынша сотталғандарды екіге бөлуіміз керек. Біреулер кәсіпкерлік айналысып, шенеуніктердің итермелеуімен пара беруге мәжбүр болады. Олардың кейде амалдары да жоқ. Сондай кісілердің мәселесін жеке қарастырғанымыз дұрыс. Ал шенеуніктерге ешқандай рақымшылық болмауы керек", — дейді депутат.

Ол осы ретте экономикалық және жемқорлық туралы қылмысты ажырата білуіміз керек екенін ескертті.

Оның айтуынша, төбелес секілді жеңіл және орта қылмыстар бойынша сотталғандарға мүмкіндік беріп, рақымшылық жасаған дұрыс. Бірақ Ұлттық қордан қаржы ұрлап, бюджет қаржысын жымқырғандарға кешірім жасалмауы керек.

Әріптесінің сөзін Берік Әбдіғалиұлы да қолдады. Оның айтуынша, жемқорлық бойынша сотталғандарды мерзімінен бұрын түрмеден шығаруға болмайды.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда 1 мыңға жуық адам түрмеден босатылатынын айтты.

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар енді мерзімінен бұрын шартты түрде түрмеден босатпау туралы заңға қол қойған болатын.