https://massaget.kz/news/peruashev-sheneunkter-memlekettk-satyip-aluda-turl-sikyirlar-118329/
Шенеуіктер мемлекеттік сатып алуда түрлі
"сиқырлар" ойлап тауып жүр. Бұл туралы депутат Азат Перуашев айтты, -
деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Перуашев адалдықтан жұрдай, бәлкім,
жемқор жергілікті шенеуніктер мемлекеттік сатып алулардағы ашықтық талаптарын
айналып өтудің жаңа жолдарын ойлап тауып жүргенін айтады.
"Мәселен, мемлекеттік органдар
сатып алудың арнайы рәсімдерін қолданып, сатып алатын тауарларды, жұмыс пен
қызметтерді өз қалауымен мемлекеттік құпияға жатқызудың көбеюі жөнінде партияға
кәсіпкерлер шағымданып жатыр. "Мемлекеттік сатып алу туралы" ҚР
заңына сәйкес ерекше тәртіппен сатып алулар мәліметтері мемлекеттік құпияларды
құрайтын және таратылуы шектелген қызметтік ақпараты бар тауарларды,
жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайда жүзеге асырылады.
Сонымен қатар "Мемлекеттік құпиялар
туралы" ҚР заңына сәйкес мемлекеттік құпияларға стратегиялық маңызы бар
нысандар мен олардағы жұмыстар туралы мәліметтер жатады. Мұндай ақпаратты
мемлекеттік құпияға жатқызу тәртібі мен құпиялауға жататын бекітілген тізім
бар", - дейді депутат.
Дегенмен бизнес мемлекеттік органдардың
жекелеген қызмет көрсетушілердің мүдделерін қолдау мақсатында сатып алудағы
нысанның мемлекеттік құпияға қатысы барын алға тартып, сатып алуды ерекше
режимге көшіретін мысалдың көбейгенін хабарлайды.
"Мысалы, 2024 жылғы 29 сәуірде
мемлекеттік сатып алу веб-порталында жалпы сомасы 7,8 млрд теңгеге Екібастұз
қаласындағы бас төмендету қосалқы станциясының құрылысы ферроқорытпалар
өндірісі бойынша зауыттың конкурсы жарияланған болатын. Ал 2024 жылдың 5
маусымында Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы ММ түріндегі
ұйымдастырушы еш заңды негіздемесіз, бағаны түзетуді сылтауратып, конкурстың
күшін жойып, сатып алуда ерекше тәртіпті қолдану арқылы жүргізеді.
Алайда бұл жағдайда аталмыш сатып алу
нысанын мемлекеттік құпиялар немесе таратылуы шектеулі ақпарат қатарына
жатқызуға болмайды, өйткені ұйымдастырушы құрылысқа қатысты барлық ақпаратты
сәуір айында жариялап тастаған. Оған қоса, қалайша зауыттың қарапайым құрылысы
аяқастынан "құпия" нысан болып шығады", - дейді Азат Перуашев.
Сатып алулар бойынша дәл осындай жағдай
2024 жылы Түркістан (№12633715-1, №11631243-1, № 11630961-1) және Атырау
облысында да (No 11616492-1) орын алып, әдеттегі рәсімдер ойда-жоқта
"стратегиялық" және "құпия" боп шыққан.
Депутат шенеуніктердің мұндай
әрекеттерін сыбайлас жемқорлықтың айқын белгілері бар адал бәсекені заңсыз
шектеу деп санайды. Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады:
1. Үкіметтен
- жергілікті мемлекеттік органдардың арнайы сатып алу рәсімін өз бетінше
пайдалануына тыйым салу, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен айқындылығы
талабын негізсіз айналып өту үшін мұндай рәсімді қолдануды болдырмайтын қатаң
критерийлерді анықтауды.
2. Бас
прокуратурадан – сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін
қызметтердің мемлекеттік құпияларға қатыстылығына сілтеме жасай отырып, ерекше
тәртіпті қолданған мемлекеттік органдардың сатып алуларына прокурорлық тексеру
жүргізуін сұрады.