2 қазан 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Азат Перуашев Президент Жолдауындағы экономикалық бастамалар тасада қалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік бағдары қоғамның қызу талқылауына түскенімен, экономикалық тұсы елеусіз қалып отыр.
Перуашев Қасым-Жомарт Кемелұлының Халқына алғашқы Жолдауында салық жүйесін жетілдіру проблемасына аса назар аударғанын еске сала отырып, фискалды органдардың бұл мәселеде қимылсыз жатқанына алаңдаушылығын білдірді.
«Бүгінгі таңда өзіміздікін өндіргеннен шетелден дайын тауарды әкеліп сату тиімдірек екенін көріп отырмыз. Ал егер импорттық тауарды сату бір адамның үлесіне ғана тисе, оны өндіруге мың адамды жұмылдыруға болар еді. Тек жұмыспен қамту мәселесі шешіліп қоймай, халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономиканың дамуына әсер етер едік», - деді «Ақ жолдың» жетекшісі.
Осыған орай «Ақ жол» партиясы экономиканың басым салалары үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) төмендетуді ұсынды.
Ақжолдықтардың сөзінше, Испания, Швеция, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Нидерланды, Литва және т.б. көптеген елдерде жалпы ҚҚС 20-25% құрағанымен, ол салық ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде 0%-ды; жеңіл және тамақ өнеркәсібінде 3-5%-ды; машина жасау, тұрғын үй құрылысы және құрылыс материалдары, ІТ-технологиялар саласында 6-8%-ды құрап отыр. Күні кеше көршілес Ресей елі де кей ауыл шаруашылық өнімдері үшін төмендетілген ҚҚС енгізген.
Еліміздегі салық салу жүйесіне аталмыш өзгерістерді партия 2013 жылдан бері бірнеше рет ұсынып келе жатқанын атап өту керек. Олардың есебінше отандық кәсіпорындар мен еліміздегі шетелдік кәсіпорындар үшін бірдей салық мөлшерінің болуы дұрыс емес.
Отандық бизнесті қолдаймыз десек, салалық ҚҚС мөлшерлемелерін енгізу арқылы салық заңнамасына өзгерістер жасау керек.