22
Қазан

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабы жұмысын бастады

https://t.me/toqaev2022/41

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының алғашқы отырысы өтті.


Штаб құрамына 474 адам кірді. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, Халықтық коалицияға кірген барлық ұйымның, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтардың өкілдері, жастар, белгілі спортшылар мен Парламент депутаттары бар.



«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің әр өңірінде, қалалар мен аудандарды қоса алғанда 226 штаб құрылып, оның құрамына 6 мыңнан астам адам кіргенін жеткізді.

Сондай-ақ Кандидаттың 30 мың сенімді өкілі тіркеліп, сайлау күні барлық сайлау учаскелерінде жұмыс істеу үшін 20 мыңға жуық бақылаушы дайындалды. 


«Біздің басты міндетіміз – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын әр азаматқа, әр сайлаушыға жан-жақты түсіндіру, жүрегіне жеткізу. Республикалық қоғамдық штаб 207 елді мекенге барып, жүздеген үгіт-насихат іс-шарасын өткізуді жоспарлап отыр», - деген Ерлан Қошанов барлық үгіт-насихат науқаны қатаң түрде тек заңнамаға сәйкес жүргізілуі керек екенін баса айтты.


Жиын барысында Халықтық коалицияға кірген саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары сөз сөйледі. Олардың қатарында «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Халықтық партиясының жетекшісі Ермұхамет Ертісбаев, «Qazaqstan Team» республикалық жастар бірлестігінің көшбасшысы Олжас Сүлейменов, «Ардагерлер ұйымының» басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов бар.және бірқатар өңірлік қоғамдық штаб басшылары бар.


Сонымен қатар жиында өңірлік қоғамдық штабтардың басшылары да сөз сөйлеп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы туралы есеп берді.

Штаб мүшелері және олар атқарып жатқан жұмыс туралы барлық ақпарат РҚШ-ның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланатын болады.