25 қазан 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласы әкімінің
кубогіне арналған колледж және университет студенттері арасындағы облыстық
дебат турнирі жоғары деңгейде өтті.
Ұлытау облысының оқу орындарынан келген 14 команда өзара білім мен шешендік
өнерін сарапқа салып, зерделі ой мен парасатты пікірдің бәйгесінде бақ сынады.
Турнирдің төрелігіне Ұлытау облысы бойынша ҚДП «Ақ жол» партиясының жастар
қанатының жетекшісі Гаухар Менлибаева шақырылып, әділ төрелігімен және жастарға
деген қолдауымен ерекше үлес қосты. Гаухар Менлибаева: “Дебат — тек пікірталас
емес, ол — ой еркіндігі мен көшбасшылықтың мектебі. Бүгінгі сіздердің
белсенділіктеріңіз — ертеңгі елдің даму кепілі. Сіздер – өз көзқарасын ашық
білдіре алатын, әділ шешімге ұмтылатын жаңа буын өкілдерісіздер” – деп,
қатысушыларды жігерлендіріп, сәттілік тіледі.
Дебаттық турнирдің қорытындысы бойынша:
Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Ұрпақ үні» фракциясы – 1
орын, кубок, 200 000 тг сертификат және дипломмен марапатталды.
Жезқазған қаласының облыстық жоғары медициналық колледжінің «Фактум»
фракциясы – 2 орын, 150 000 тг сертификат және дипломға ие болды.
«Қазақмыс» корпорациясының техникалық колледжінің «Президент» фракциясы – 3
орын, 100 000 тг сертификат және дипломмен марапатталды.
Ал «Үздік спикер» атағын иеленген қатысушыға 50 000 тг сертификат
табысталды.
Қалған қатысушыларға қатысқаны үшін диплом және Power Bank сыйға берілді.
Сонымен қатар, партияның жастар қанатының белсенді мүшесі Аңсар Қуаныш
жоғары деңгейде ойын көрсетіп, «Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған
Жезқазған қаласы әкімінің кубогіне арналған пікірталас турнирінде лайықты ойын
көрсеткені үшін» деген арнайы марапатқа ие болды.
Марапатты Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен табыстап, Аңсар
Қуаныштың белсенділігі мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді.
Мұндай жетістіктер – жастардың ел болашағына бей-жай қарамай, өз үлесін
қосуға дайын екенінің айқын дәлелі.
ҚДП «Ақ жол» партиясы – әрдайым жастардың жарқын идеяларын қолдап, олардың
қоғамдағы белсенді рөлін арттыруға, ел игілігі үшін нақты іс атқаруға үндейді. «Ақ
жол» – жастардың үні, әділдіктің жолы, болашаққа бастар сенімді бағыт!


