18
Мамыр

Руслан Мырқалықов Қарағанды қаласында өткен семинарға қатысты

18 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Қарағанды қаласында өткен республикалық семинар-кеңеске Жамбыл өңірінен жергілікті өкілді органдардың өкілдері ретінде Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Олжабай Кенжебекпен бірге, «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Руслан Мырқалықов қатысты.

Семинарға әр деңгейдегі қалалық мәслихат төрағалары және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.

Әр деңгейдегі жергілікті өкілді органдардың жұмысының тиімділігін арттыру, олардың қоғамдағы рөлін айқындау және тұрғындармен өзара байланыс орнатуды көздеген семинар-кеңес барысында депутаттар Қарағанды қаласындағы «Кәусар» оқушылар сарайына барып,  білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен, үйірме жұмыстарының бағыттарымен және оқушылардың шығармашылық жетістіктерімен танысты.

Бұдан соң семинар қатысушылары отандық TEEZ маркетплейсінің жаңа сауда-логистикалық қоймасына барды. Ал Карлаг музейінде сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарына  тағзым етті.

«Семинарда жергілікті басқару жүйесінде жариялылықтың сақталуына өкілді органдар өкілдерінің, яғни депутаттардың ықпалы зор екені айтылды. Бұл ретте халық пен билік арасында  кері байланыс орнату аса маңызды. Жиында осы мәселелерге қатысты пікір білдеріп, өз ойымды ортаға салдым», - дейді Руслан Мырқалықов.