27 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Барлық бала бақытты болуы үшін жаралған. Десек те, тағдырдың жазуымен өзі
құралпы жеткіншектермен бірге ойнап, мектепте бірге оқи алмай қалған балғындар
бар. Алайда олар шектеулі мүмкіндігіне қарамастан, денсаулығын оңалтып, қатарға
қосылуды армандайды. «Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының
депутаты Руслан Мырқалықов Мойынқұм ауданындағы осындай бір топ жасөспірімге
үміт сыйлап, оңалту ем-шарасына қажетті жүгіру жолағын тарту етті.
Депутат Әйгерім Дәулетбаева басқаратын «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық
бірлестігі биыл Мойынқұм ауданында әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 15 баланы
оңалтуға арналған «Нұр Бала» жобасын қолға алған болатын. Аталған қоғамдық
бірлестік 30 жылға жуық уақыттан бері оңалту шараларымен бірге, «Иппотерапия»
әдісі арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған көмек көрсетіп
келеді. Міне, енді мойынқұмдық жасөспірімдер де осындай мүмкіндікке ие болмақ.
«Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуетін ашу, олардың
қоғаммен толыққанды байланысын қамтамасыз ету, сондай-ақ күнделікті өмірде өзін
еркін сезінуіне жағдай жасау. «Нұр Бала» бөлімінде балаларға арнап арнайы
бейімделген дамыту сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ шығармашылық үйірмелер жұмыс
істейді, жеткіншектерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Орталықтың ашылу
рәсімі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өтеді.
Орталық оңалту шараларына қажетті
құрылғылармен қамтамасыз етілді. Бір ғана жүгіру жолағы жоқ еді. Әріптесім
Руслан Мырқалықовқа хат жолдап, қолдау көрсетуін сұранып едім, сөзге келмеді»,
- дейді Әйгерім Маратбекқызы.
Ақжолдық депутаттың 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай
тарту еткен сыйына жас жеткіншектер де, олардың ата-аналары да дән риза. Олар
Руслан Мырсапалұлына деген ризашылықтарын видео арқылы жолдады.
Айта кету керек, «Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының
депутаты Руслан Мырқалықов көптеген қайырымдылық іс-шараларына атсалысып,
демеушілік көмек көрсетіп отырады. Ал Мойынқұм ауданының мүмкіндігі шектеулі
балаларға арналған күндізгі оңалту шараларын жүргізетін «Нұр Бала» жобасы
депутаттың қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге тағы бір үміт сыйлап
отыр.


