17
Шілде

Руслан Мырқалықов облыстық жер комиссиясының отырысына қатысты

17 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиал

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің төрағалығымен өткен өңірлік жер комиссиямының кезекті отырысында рәсімдік-процестік Кодексінің 73-бабына сәйкес «АК Алтыналмас» АҚ тарапынан жасалған шағымына тыңдалым өткізілді. Сонымен қатар, «Аррak Minerals» ЖШС-іне алтын өндіру жұмыстарын және «DAMELY CORP» ЖШС-іне құм-шағал қоспасын өндіру үшін жер пайдалану құқығын беру мәселелері қаралды.

Жиынға «Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты, комиссия мүшесі Руслан Мырқалықов онлайн жүйеде қатысты.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, «Appak Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мойынқұм ауданы Талдыөзек жер қоры жерінен алтын өндіру жұмыстарын жүргізу үшін көлемі 351,7133 гектар жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 2031 жылдың 10 наурызына дейінгі мерзімге беруге болады деп оң қорытынды берілді.

Жалпы комиссия отырыстарында өндіріс үшін жер учаскесін беруде ауыл тұрғындарының келісімі назарға алынып, экологиялық талаптардың сақталуына баса көңіл бөлінеді. Жиында ақжолдық депутат Руслан Мырқалықов Жамбыл облысындағы салықтық кірістер тапшылығы барын алға тартып, «Appak Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өндіріс орнының филиалын Жамбыл өңіріне тіркеу туралы ұсыныс көтерді.

«Аталған серіктестік Қарағанды облысында тіркелген. Біздің өңірде кәсіпорын ашып, табыс тапқан соң, салық түсімдері де осында түсуі керек. Онсыз да салықтық түсім тапшылығы бар. Осы мәселені алға тартып, өндіріс орны филиал ретінде Жамбыл жеріне тіркелсін деген ұсыныс айтып, оны арнайы хаттамаға қосуды сұрандым. Серіктестік басшылары 2026 жылдың 10 қаңтарына дейін тіркелетінін жеткізді», - дейді депутат.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша комиссия мүшелерінің ұсыныс-сауалдары  ескеріле отырып, Жер кодексінің 26-бабының 3-тармағына сәйкес, «DAMELY CORP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қордай ауданы Қақпатас учаскесінен құм-шағал қоспасын өндіру жұмыстарын жүргізу үшін жалпы көлемі 41,6 гектар жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 2031 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге беруден бірауыздан бас тартылды.

«Себебі, өндіріс орны ортақ жайылымдық жер. Жер кодексінің 26 бабына сәйкес жайылым жері өндірістік мақсатта пайдаланылмайтындығы көрсетілген әрі бұған ауыл тұрғындары қарсылық білдіруде», - дейді Руслан Мырқалықов.