08
Қыркүйек

Руслан Мырқалықов Тараз қаласындағы құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді

8 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Руслан Мырқалықов Тараз қалалық мәслихатының инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерімен бірге шаһардағы құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Қазір облыс орталығындағы Абай даңғылы және Қазыбек би көшесі секілді бірнеше орталық көшелерде көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеті жаңғыртылып, күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары ерте көктемде басталған болатын.

Былтыр Төле би даңғылының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге дәл осындай күрделі жөндеу жүргізілген. Хрущевка үйлер заманауи келбетке ие болып, қала – облыс орталығы деген атына сай болып, біршама жаңғырып қалған.

Зерделеу жұмыстары кезінде депутаттар тұрғындардың өтініштерін назарға алып, құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударды. Сондай-ақ мердігерлерге өз ұсыныстарын жеткізді.

«Көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындардың өтініш-тілектері бар. Мысалы, жобаға сәйкес үйдің екі бетіндегі балкондары түгел бірдей қапталады. Ал подъездердің терезесін ауыстыру енбеген. Осы секілді көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасына қатысты мәселерді мердігермен ортаға салып талқыладық, тұрғындармен әңгіме құрып, ұсыныстарын тыңдадық, ортақ мәмілеге келтірдік», - дейді Руслан Мырқалықов.

Депутаттар сондай-ақ «Таразтрансэнерго», «Жамбыл-Жылу», «Жасыл Ел Тараз» коммуналдық кәсіпорындарын да аралап, жұмысымен танысты.

Жылу жүйелеріне қатысты мәселелерді көтерді. Жылыту маусымы кезеңіне дейінгі орындалуы тиіс қажетті шараларды іске асыру төңірегіндегі проблема қызу талқыланды.

Депутаттар барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтап, мекемелерге жылуды өз уақытында беруді және жылу беру температуралық режимдерін қамтамасыз ету  жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін атап өтті.