19
Қыркүйек

Руслан Мырқалықов Тараз қаласындағы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеден кешігіп жатқан Комратов көшесінің мәселесін көтерді

19 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Руслан Мырқалықов бұған дейін Тараз қаласындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Комратов, Әйтиев, Желтоқсан, Қойгелді көшелерін аралап, бірнеше мәрте зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Комратов көшесінің тұрғындарының шағымы бойынша көшедегі түйткілдерді мәслихат сессияларында көтеріп, тиісті мекемелерге сұрақ та жолдаған. Биыл аталған көше тізімге енгізіліп, жөндеу жұмыстары басталған еді. Алайда құрылыс жұмыстары кешеуілдеп, белгіленген кестедегі мерзімнен асып кетті. Ақжолдық депутат осы мәселені Тараз қалалық мәслихатының кезек  32-сессиясында тағы көтеріп, қала әкімі Бақытжан Орынбековке сауал қойды.

«Сессияда қала әкімі депутаттар алдында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Сондай-ақ нысандардың жылу беру маусымына дайындығы талқыланды. Бірнеше өзекті мәселе қаралып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамы бекітілді.

Сессияда Комратов көшесінің жол жөндеу жұмыстары созылып, қарқынды жүрмей жатқанын айтып, мәселе көтердім. Сонымен қатар, Әйтиев, Желтоқсан және Қойгелді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелер тізіміне қосу қаншалықты қажет болғанын сұрадым. Аталған көшелер қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Қазіргі жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда, қаржы жөндеу көрмеген көшелерге бөлінсе деген ойымды айттым. Депутаттардың көптеген өзекті сұрақтарына қала әкімі толықтай жауап беріп шықты. Біраз мәселелерді талқылап-пысықтап алдық», - дейді Руслан Мырсапарұлы.