11
Қараша

Руслан Мырқалықов тұрғындардың шағымы бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді

11 қараша 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан Мырқалықов сайлаушыларының өтініші бойынша Ә.Комратов және Ә.Еспаев көшелерінің қиылысында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың шағымын қарады.

Биыл Тараз қаласындағы Ә.Комратов көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолы салынған. Мердігері – «Katsa» ЖШС. Тұрғындар тротуардың салынғанына разы, алайда жол бойындағы каналды топырақ басып, айналасы қоқысқа толып қалған. Канал жағалай өскен бұталар көшенің сиқын қашырып тұр. Бұдан бөлек көше жағалай өскен биік талдар жеке тұрғын үйлердің ауласына, шатырына қарай қисайып өсіп, қауіп төндіруде. Тұрғындар осы мәселелерді реттеп беруді сұрап, тиісті мекемелерге қайырылған. Уақыт ұзап бара жатқан соң, сайлаушылар ақжолдық депутат Руслан Мырқалықовқа қайырылған.

Ақжолдық депутат Руслан Мырқалықов көшпелі қоғамдық қабылдауға «Әулиеата» ауданы әкімінің бас инспекторы Айгүл Пәшір, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Айбек Қанатұлы және мердігер «Katsa» ЖШС-нің өкілі Ернұр Айтмаханов, техникалық қадағалаушы Қайрат Әміртаевты шақырып, қалыптасқан жағдайды көрсетіп, проблеманы кедергісіз шешуді ұсынды.

Жаяу жүргіншілер жолының бойында тротуар астынан өткен электр желісінің сымдары қараусыз шығып жатқан. Қоғамдық қабылдау кезінде жауапты мамандар да шықырылды. Олар электр желісіне ток келіп тұрмағанын анықтаған соң, сымдарды кесіп  берді. Сондай-ақ мердігер компания  өкілдері жол бойындағы каналдарды, айналасын тазартып беруге уәде беріп, «Әулиеата» ауданы әкімшілігі мен тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қалған мәселелерді реттейтіндерін жеткізді.