6 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалына шағыммен қайырылған тұрғындардың
өтініші бойынша партиядан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан
Мырқалықов жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелердегі бүлінген тротуарлар мен
канализациялық құдықтарды қалпына келтіру туралы мәселе көтерді.
Тұрғындар шаһардағы Ә.Әйтиев, Желтоқсан, Дәненұлы көшелеріндегі жол жөндеу
жұмыстары кезінде мердігерлер жеке тұрғын үйлер алдындағы асфальтті қопарып,
тротуарды бұзып, канализациялық құдықты топырақпен толтырып кеткенін айтып,
шағымданған еді. Депутат Руслан Мырқалықов азаматтардың өтінішін бақылауға
алып, жауапты мекеме басшыларының алдында мәселе көтерген болатын.
Осыған орай Тараз қалалық мәслихатының инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық
және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері және жауапты
бөлімнің мамандары аталған көшелерді аралап көріп, зерделеу жүргізді.
Зерделеу жұмыстары кезінде тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын
анықтады. Нәтижесінде тапсырыс беруші тарап мердігерлерге талап қойып,
құрылысшылар кемшіліктерді жойып, бүлінген асфальт пен тротуарды қалпына
келтіріп, канализациялық құдықты тазартып беретін болды.




