14 маусым 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Жамбыл облыстық жер комиссиясының кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің
орынбасары Әбілхайыр Тамабек қатысқан жиында инвестициялық жобаларды жүргізу
үшін Мойынқұм және Жамбыл аудандарынан жер учаскелерін беру туралы мәселе
қаралды.
«Ақ жол» партиясынан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Руслан
Мырқалықов, облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев аталған комиссияның
құрамында.
Отырысқа офлайн қатыса алмаған комиссия мүшелері, ақжолдық депутат Дәурен
Ахметжаев онлайн режимде қатысты.
Күн тәртібінде «АК Алтыналмас» АҚ-на
Мойынқұм ауданы Талдыөзек жер қоры жерінен Ақбақай кен орнынан алтын - күміс
кендерін өндіруге, «Appak Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне
Мойынқұм ауданы Талдыөзек жер қоры жерінен пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін
үшін жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен белгілі мерзімге
беру туралы мәселе қаралды.
Сондай-ақ «GES MYRZATAI»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне
Жамбыл ауданы «Айша бибі» мемлекеттік жер қоры учаскесі жерінен энергия жүйесін
теңестіруге арналған бу-газ аралас қуаттылығы 50 МВт электр станциясын салу
үшін 5 жылға жер учаскесін беру туралы
мәселе талқыланды.
«Отырыста қаралған мәселелерге қатысты сұрақтар кеңінен талқыланды. Жалпы
жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, комиссия мүшесі пікірін білдіруге құқылы. Күн
тәртібіндегі бірінші және екінші мәселеге қатысты баяндамашыларға сұрақ қойдым.
Талқылаудан кейін алтын-күміс өндірісіне қатысты жер учаскесін беру туралы
сұраныс күн тәртібінен алынып тасталды. Себебі, өндіріс орны елді мекенге
жақын, Ақбақай тұрғындарының келісімі жоқ. Ал «Appak Minerals» ЖШС-нің өкілдері
жиынға келмегендіктен, екінші сұрақты қарауды келесі отырысқа қалдырдық. Тек
«Жасыл энергия» өндірісіне қатысты сұранысты ғана қолдадық. Өйткені,
кәсіпорынның жұмысы экологиялық талаптарға сай келеді», - дейді Руслан
Мырқалықов.