05
Шілде

Руслан Мырқалықов жол жөндеу жұмыстарымен танысты

5 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Руслан Мырқалықов Тараз қалалық мәслихатының инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерімен бірге шаһардағы  жол жөндеу және жаяу жүргіншілер жолағы құрылысының жұмыстарымен танысты.

Қазіргі уақытта Тараз қаласының орталығындағы Ә.Әйтиев, Желтоқсан, Комратов, Смоленск, Қаллауыр әкім, Дулати, Әбішев және Крылов 1, №20 мектепке апаратын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Депутаттар аталған көшелердегі құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударды. Мердігерлермен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-сұрақтарын жеткізді.

«Жауапты мердігерлердің жөндеу жұмыстарымен жіті таныстық. Жобалық-сметалық құжаттағы талаптардың орындалуын назарға алдық. Біраз мәселелерді құрылыс басында қызу талқылап, көзбен көріп, түсініп алған жәйіміз бар.

Бұған дейін Крылов көшесіндегі №20 мектепке қатысты 5 мәселені көтеріп, жауапты мекемелерге сауал, ұсыныс жолдаған болатынмын. Бүгінде соның үшеу шешімін тапты: көше бойындағы талдар кесілді, көше жарықтандырылды, мектеп алдындағы жолға асфальт төселді. Міне енді Калаур Әкім көшесінен мектепке апаратын жол да салынуда», - дейді Руслан Мырқалықов.

Айта кету керек, ақжолдық депутат Тараз қалалық мәслихатының сессия отырыстарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелердің бірқатарының мәселесін көтеріп, тұрғындардың тілегін жеткізіп, сауал жолдаған болатын.