21
Сәуір

САЙЛАУ-2015: Кандидат Н. Назарбаевтың РҚШ мүшелері СҚО тұрғындарымен кездесті - www.inform.kz

 
 ҚазАқпарат - Бүгін, 20 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының активімен, аймақтағы еңбек ұжымдарымен және этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті.
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бiрлiк» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, ҚР Парламентінің депутаттары Майра Айсина, Бақытжан Ертаев, Айгүл Соловьева және Абай Тасболатов, ҮЕҰ, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мүшелері, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері бар.
Н. Погодин атындағы орыс драма театрының залында облыс активімен кездесу өтті. Жиында тәуелсіз еліміздің дамуына Елбасының қосқан үлесі ерекше екені атап өтілді. Аймақ жастары атынан кездесуде телекоммуникациялық компанияның қызметкері Елена Косенкова сөз сөйледі. Оның айтуынша, қазақстандықтардың жас ұрпағы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын қолдайды.
«Президент жастарға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін ол ең озық мектептер мен университеттерді салып берді, Елбасы біз үшін «Болашақ» және «Дипломмен ауылға!» бағдарламаларын жасады. Бүгінде қазақстандық жастарда әлемдегі ең үздік білім алуға, жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар және олар өз болашағына сеніммен қарайды. Мемлекет басшысының бұл қамқорлығын бағалаймыз және тек қана Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретінімізді бірауыздан жеткізгіміз келеді», - деп атап өтті Е.Косенкова.
Петропавл ауыр машина жасау зауытында РҚШ мүшелерімен кездесуде зауыт жұмысшылары өнеркәсіптік өндірістің қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, 2014 жылы Елбасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында СҚО-да 4,5 миллиард теңгеге 4 нысан салынды. Мыңдаған жұмыс орны ашылды.
 «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жұмысшысы Нина Щербинина былай деді: «Зауытта шамамен 50 жыл жұмыс істеймін. Бұл сайлауда да дауысымды біздің Көшбасшымыз - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа беремін. Өйткені Президентіміздің тарапынан үнемі қолдауды сезінеміз! Жұмысшылар Елбасына дауыс береді».
Келесі кездесу барысында облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Қазақстан - біздің Отанымыз, біз туған жеріміздегі бейбітшілік үшін жауаптымыз. Біз - этномәдени бірлестіктердің өкілдері - Президентімізге бірлік пен ауызбіршілік, келісім мен достық үшін ризамыз. Мен балаларым мен немерелерімнің бейбітшілік пен келісім ордасында өмір сүргендерін қалаймын. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс беремін!» - деп атап өтті «Қазақстанның орыстар қауымы» облыстық филиалының төрағасы Николай Авдеев.
РҚШ мүшелерінің СҚО-ға жасаған сапары «Молпродукт» зауытында аяқталды. Оның жұмыскері Диана Хайрулина кәсіпорынның 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында құрылғанын атап өтті.
 
Дерекнама - www.inform.kz (Казахстан), 20.04.2015