Сайлау... /Сейілбек Асан/ - Казак унi (Алматы)
Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың елде кезектен тыс Президент сайлауы 2б-сәуірде өтетінін жариялағаны мәлім. Елбасы халыққа бейнетаспа арқылы жолдаған үндеуінде кезектен тыс Президент сайлауы өтетін күнді Сенат, Мәжіліс, конституциялық кеңес жетекшілері және Премьер-министрмен ақылдасып шешкенін жеткізді.
Осы мәселеге орай Нұрсұлтан Назарбаев: «2016 жылы елде Президент және Парламент сайлауы қатар келеді. Бүл - Конституцияға қайшы. Менің де президенттік өкілеттілігім 2016 жылы аяқталады. Халық кезектен тыс сайлау мен Президент өкілеттілігін созу үшін референдум өткізуді ұсынды. Екі ұсыныс та конституцияға сай келеді. Бірақ сайлау өткізу қисынға келеді. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс Президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға тоқтадым. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын» деді. Әйткенмен, Нұрсұлтан Назарбаев Президент сайлауына қатысу туралы шешімін алдағы уақытта қабылдайтынын да айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Қазақстан Халқы ассамблеясы көтерген болатын. Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков бұл ұсыныстың бір сәтте айтыла салмағанын тұрғындар жазған мыңдаған хаттарда, студенттер мен ардагер және сайлаушыларымен жүздесуде жиі айтылған, терең талқыланып, жан-жақты қарастырылған ой екенін мәлімдеген еді.
Ассамблея ұсынысын «Нұр Отан» партиясы мен «Ақ жол» партиясының депутаттары бірден қолдады. Кейін «Ауыл», «Қазақстан патриоттар» партиясы мен «Қазақстан коммунистік халық» партиясы да ұсынысты құптайтынын жариялады.
24-ақпанда Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау Конституцияның 41-бабының 3-тармағында қарастырылғанын, Президент сайлауы мерзімі жағынан парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуін ескеру қажет екенін баса айтқан.
2015 жылы мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу бастамасы айтыла сала оған қатысуға үміткерлер де шыға бастады. Мәселен, «Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов егер уақытынан бұрын Президент сайлауы өтсе, кандидатурасын ұсынатынын, тіпті, бағдарламасы да дайын екенін әйгілеген.
Ал, жуырда ғана өздерін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы деп атайтын қауымдастық өкілдері Астанада жиын өткізіп, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу ұсынысын талқылады.«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сайлау мерзімі жарияланса, партиялық кеңес өткізіп, кімді кандидат ретінде ұсынатындарын өзара ақылдасатындарын айтты. Бірақ «Қазақстан бойынша Нұрсұлтан Назарбаев секілді ғаламдық деңгейде ойлайтын ғұлама саясаткер жоқ» екенін алға тартқан Азат Перуашев: — Сайлау бола қалса, өзім Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беремін, — деп мәлімдеді. «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің пікірінше, «басқа үміткердің есімі айтылса, онда алдымен партия ішінде съезд өткізіп ақылдасу керек болар еді». — Басты үміткердің есімі белгілі болғандықтан, біз оны көптен білетіндіктен, бұрынғы сайлауларда оны партиямыз қолдағандықтан, біздің партия Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды, — деді ол.
2015 жылы мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуді бірауыздан қолдап отырған «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы 2009 жылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған. Коалиция құрамында 6 партия («Нұр Отан», «Ақ жол», «Қазақстан коммунистік халық» партиясы, «Бірлік», «Ауыл», «Қазақстан патриоттары» партиясы), 18 қоғамдық бірлестік, 500-ден аса үкіметтік емес ұйымдар бар.
Президент сайлау хроникасы
1991 жыл...
- 1991 жылы өткен президент сайлауына кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тіркелді. Сайлау кезінде ол 98,8% дауыс жинады.
1995 жылғы референдум
- 1995 жылы 1-наурызда Қазақстан Халықтарының ассамблеясы (қазіргі атауы - Қазақстан Халқы ассамблеясы) президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Сол жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Референдумға қатысқандардың 95,5 пайызы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдағаны хабарланды.
1999 Жылғы уақытынан бұрын сайлау
- 1998 жылы Қазақстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, президент өкілеттілігі 7 жылға ұзартылды. Осы өзгерістен кейін мәжіліс депутаттары уақытынан бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасап, Нұрсұлтан Назарбаев ол ұсынысты қабылдады. 1999 жылы 10-қаңтардағы президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев - 80 пайыз, Серікболсын Әбділдин - 15 пайыз, Ғани Қасымов - 4 пайыз, Энгельс Ғаббасов 1 пайыз дауыс жинады. Назарбаев бұл сайлаудан кейін президенттік орнын сақтап қалды.
2005 жылғы сайлау
- 2005 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинап, президенттікке қайта сайланды. Оның басты қарсыласы Жармахан Тұяқбайға сайлаушылардың 6,61 пайызы дауыс берген.
2011 жылғы сайлау
- 2010 жылы 23-желтоқсанда Өскеменде 320 адам қатысқан арнайы жиын өтіп, Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Қазақстан Халқы ассамблеясы, мәжіліс депутаттары қолдады. Бірақ Назарбаевтың өзі референдум өткізуге қол қоймай, Президент сайлауын 3-сәуірге белгіледі. Ол Конституциялық кеңестің референдум өткізу туралы ұсынысын Негізгі заңға сәйкес келмейді
деп «мойындағанын» мәлімдеді. Сайлауға қатысуға өтініш білдірген Уәлихан Қайсар, Мұсағали Дуамбеков, Амантай Асылбектің кандидатуралары өтпей қалды. «Атамекен» оппозициялық партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов сайлауға байкот жариялады. Бұл сайлауда Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ғани Қасымов
- 1,94 пайыз, Жамбыл Ахметбеков -1,36 пайыз, Мэлс Елеусізов 1,15 пайыз дауыс жинады. Кандидаттардың бірі Мэлс Елеусізов сайлауда Назарбаевтың кандидатурасына дауыс бергенін айтты. Шараны бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанды «сайлау науқанын демократияландыра түсуге» шақырса, халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы сайлауға «жалпы жақсы өтті» деген баға берді.
2015 жылғы кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысы
- 2015 жылы 14-ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясы елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуге ұсыныс жасады. Ассамблея ұсыныстарын «әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанда 2016 жылы президент және парламент сайлауын өткізу қиынға соғады» деп түсіндірді. Бүл ұсынысты «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Парламенті мәжілісі, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Ақ жол» партиясы қолдады.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы: Әлемде тұрақсыздық факторы байқалып отыр
- Бұған үш түрлі уәж келтіруге болатын сияқты. Меніңше, бұл ұсыныстың тиімді тусы бар. Біріншіден, 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан алған тәжірибеге қарағанда, қазіргі экономикалық проблемалар біртіндеп ұлғая түсетін сыңайлы. Дағдарыс келесі жылы да үдейтін түрі бар. Сондықтан, экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін, елдегі тұрақтылықты және дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу керек деген уәж келтіруге болады. Екіншісі - саяси уәж. Қазақстан айналасындағы геосаяси кеңістікте тұрақсыздық факторы байқалып отыр. Украинадағы жағдай, Ресей мен Батыстың санкциялық сөзіміздің дәлелі. Оның үстіне ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін кепілдік қажет. Сол себепті, қазіргі қиын жағдайда саяси тұрақтылық қажет. Үшінші дәйегім - қарапайым. 2016 жылы Президент және Парламент сайлауы өтуі тиіс болған. Бірақ заң бойынша бұлай болмауы тиіс. Онда «Неліктен парламент сайлауын өткізбеске?» деген сұрақ туады. Президент сайлауы көптеген мәселелерді шешеді, саяси жүйе мен мемлекеттік биліктің тұрақтылығы нығаяды. Сондықтан, бұл тұжырымдармен келісуге болады.
Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті: Елдің тағдыры үшін маңызды науқан
- Келесі жылы елімізде президенттік және парламенттік сайлаулар өтуі тиіс. Бірақ конституциялық заң бойынша бір жылда мемлекеттік дәрежедегі екі сайлау өткізуге болмайды. Ендеше, биыл не парламенттік я болмаса президенттік сайлау өтуі керек. Ал президенттік сайлау елдің тағдыры үшін маңызды. Сондықтан, президенттік сайлау 2015 жылы өткені дұрыс. Екінші себебі, экономикалық жағдайға қатысты. Қазір халықаралық жағдайда Ресейге қойылған санкцияларға байланысты әлемдегі алпауыт мемлекеттер мұнайдың бағасын түсірді. Соның салдарынан Ресейдің рубльі екі есе құнын жоғалтты. Соған сәйкес, ондағы қарапайым халықтың тұрмысы да екі есе төмендеді. Бірақ Қазақстанда, шүкір, ондай жағдай жоқ. Теңге орнында, экономика орнында. Халықтың жағдайын бірқалыпты ұстап тұру үшін Ұлттық қордан Елбасы қомақты қаржы бөлді. Жалпы, Қазақстан шығаратын ішкі жалпы өнімнің құны 189 млрд. доллар десек, кіндік Азияның төрт мемлекетін қосқанда олардың ІЖӨ-сі 81 млрд. доллар. Яғни, Қазақстан шығаратын өнімнің жартысына да жетпейді. Ал халқының саны бізден үш есе коп болса да дағдарысқа дейінгі Украинада 164 млрд. долларды қураған екен. Міне, сондықтан биыл президенттік сайлауды, келесі жылы парламенттік сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге мүмкіндік бар.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 9 (668), 03.03.2015