16
Қараша

Сайлауалды бағдарлама жұмысшыларға жігер берді

Қазақстандағы трансформатор құрайтын жалғыз кәсіпорын Кентау трансформатор зауытының ұжымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды. Әсіресе, сайлауалды бағдарламадағы жұмысшы құқықтарын қорғауға қатысты басымдықтар мен еңбек ортасын құруға ерекше назар аударылғаны жұмысшыларға жігер беріп отыр. 

Сондықтан, алдағы Президент сайлауында зауыттағы еңбек адамдары Халықтық коалиция атынан ұсынылған кандидатқа дауыс бермек. Бұл туралы республикалық қоғамдық штаб мүшелерімен кездескен зауыт ұжымы айтты.


Басқосуға Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Төлеубек Мұқашев, Дүйсенбай Тұрғанов, Азат Перуашев, Асхат Асылбеков, Жеңісбек Мәуленқұлов, Қалыйма Жантөреева қатысты.

Кездесуде Дүйсенбай Тұрғанов сайлауалды бағдарламадағы басымдықтар жайында баяндады.

«Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтеліп, қорғалады және оған лайықты еңбекақы төленеді. Біз жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін бәсекеге қабілетті және қауіпсіз еңбек ортасын құрамыз» - деді штаб мүшесі.

Ал, Азат Перуашев өндірісті дамытып, кәсіпкерлікті қолдау бағытын кең көлемде түсіндірді.

«Елдің өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейеді. Ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру жұмысы қолға алынады. Мұнда бірте-бірте неғұрлым терең өңделген өнімдер шығарылады. Өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғырту жүргізіледі»-деді А.Перуашев

Ал, зауыт ұжымы атынан сөз алған жұмысшылар кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, алдағы сайлауда дауыс беретіндіктерін жеткізді.

«Бізде жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығы қарапайым еңбек адамдары. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын арттыруға басымдық беріп отыр. Сондықтан, еліміздің жанашыры, нағыз патриот Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурсын толығымен қолдаймыз!» - деді зауыт қызметкері Ерсұлтан Абдуахитов.