02
Қазан

Сейсекүл Әбдісаттарова Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ғылыми конференцияда баяндама жасады

2 қазан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова Алаштың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-танымдық конференцияға қатысып, баяндама жасады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өткен «Міржақып Дулатұлының рухани мұрасы және ұлттық ағартушылық идеялары» атты конференцияда  модератор, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м.а. Аслан Тұрлыбек тұлғаның тағылымды өмір жолы мен еңбектеріне тоқталды.

Конференцияға қатысушылар Міржақып Дулатұлының мұрасы жайлы тұшымды ойларымен бөлісті. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Аманбайұлы Міржақып Дулатұлы мен Бауыржан Момышұлының елдік пен ерлікті дәріптеудегі үндестігін сөз етті.

«Ақ жол» КДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова Алаш идеясын жалғастырушы «Ақ жол» партиясының ұстанымдарына тоқталып өтіп, «М.Дулатұлы – ұлтжанды қайраткер» тақырыбында баяндама жасады. Міржақып Дулатұлының еңбектері халықтың санасын серпілтіп, тәуелсіздікке жетудің рухани негізін қалағанын жеткізді.

Конференция соңында ұлы тұлғаның шығармашылық және ғылыми мұрасына жан-жақты талдау жасалып, еңбектерін әрі қарай терең зерттеу қажеттіліктері жайлы сөз қозғалды.