6 қаңтар 2025 жыл, Атырау облыстық филиалы
Серік Ерубаевтың Исатай ауданындағы сайлаушылармен кездесуі Жанбай селосынан басталды. Кездесу барысында депутат өз қызметі жайында ақпарат беріп, алдағы атқарылатын жұмыстар мен «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасындағы басты бағыттарды түсіндірді.
Кездесуді селолық округ әкімі Е.Мақсотов ашып, ауылда жүзеге асырылып жатқан игі істерді атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді, атап айтқанда, қалдық полигонының жағдайы, бұралқы иттер мәселесі және басқа да проблемаларды көтерді. Депутат бұл мәселелерді шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
Кездесу барысында балық аулау және оны өңдеу мәселелері, кәсіпкерлікті қолдау және Атырау-Астрахань жолының жағдайы туралы да әңгіме қозғалды. «КазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы С.Керімқұлов жол жөніндегі атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, тұрғындардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Кездесуге Исатай ауданының әкімі Н.Б.Мусин мен «Ақ жол» партиясының мүшесі, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Н.Қайырденов те қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жолда мал қағу оқиғаларының алдын алу, жылдамдықты реттеу үшін жол белгілерін орнату және басқа да инфрақұрылым мәселелері талқыланды. Ауылда мал сою цехының жұмысын жаңғырту және жазғы су құбырын тарту жұмыстарын жеделдету қажеттілігі айтылды.
Аққыстау селосында Серік Ерубаев аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларды толғандыратын мәселелермен танысты. Бұл кездесуде «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі тұжырымдамалары, есепті кезеңде Парламентте көтерілген сауалдар мен қабылданған заңдар туралы жан-жақты баяндалды. Тұрғындар көптеген сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар алды.
Тұрғындар жол сапасын жақсарту және қаладан шыға берістегі трассаны төсеу қажеттілігі туралы айтты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы олқылықтар мен қызмет көрсетудегі кемшіліктер сөз болды. Аққыстауда айналма жол салу мәселесі де талқыланып, ауылда коммуналдық мекеме құруға рұқсат беру мәселесін заң аясында қарастыру қажеттілігі көтерілді.
Кездесу соңында су тасқыны кезінде қажырлы қайрат көрсеткен азаматтарға
партияның Ұлттық кеңесінің шешіміне сәйкес «Апатпен күрескені үшін» медальдары
табысталды. Сонымен қатар, жаңадан партия қатарына қосылған азаматтарға партия
билеттері салтанатты жағдайда депутаттың қолынан табысталды.