8 шілде 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев жұмыс сапарымен
Батыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында ол Ақжайық ауданындағы
«БатысНық» ет комбинатының өндірістік әлеуетімен танысты.
Кәсіпорын басшылығы халық қалаулысына өндірістік цехтардың жұмысын көрсетіп,
өнімді өндіру, сақтау және экспортқа шығару үдерістері туралы толық ақпарат
берді. Кездесу кезінде бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Атап айтқанда,
кәсіпорында білікті кадрлардың, әсіресе қасапшылардың тапшылығы байқалатыны,
мал терісін қабылдау пунктін ашу қажеттілігі және қасапшылықты кәсіби деңгейде
үйрететін оқыту орталықтарына деген сұраныс жоғары екені айтылды.
Сондай-ақ, комбинат өнімдерін экспорттау тек Ресей Федерациясы арқылы
рефрижератор көліктерімен жүзеге асырылатыны, ал әуе арқылы жеткізуге қатысты
түрлі кедергілердің бар екені сөз болды.
Серік Сәрсенұлы Ерубаев бұл түйткілдерді назарға алып, оларды тиісті
мемлекеттік органдар мен министрліктерге жолдайтынын айтты. Сонымен қатар, ол
«БатысНық» кәсіпорнының жергілікті экономиканы дамытудағы рөлін ерекше атап
өтті.





