09
Шілде

Серік Ерубаев Бөкейорда ауданына жұмыс сапарымен барды

9 шілде 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Сапар барысында халық қалаулысы еліміздің тарихи-мәдени мұраларының бірі — Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына барды.

Бұл бірегей кешен — Жәңгір ханның тікелей бастамасымен құрылған ХІХ ғасырдағы алғашқы ағартушылық және басқару орталығы.

Хан Ордасы музей-қорығы алғаш рет 1962 жылы ашылып, 2002 жылы кешен мәртебесіне ие болды. 2017 жылы — «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енгізілсе, 2019 жылдан бастап ресми түрде архитектуралық-этнографиялық музей-қорық ретінде жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда мұнда 13 тарихи-архитектуралық нысан бар. Олардың ішінде Жәңгір хан мен күйші Дәулеткерейдің кесенелері, қыздар училищесі, аурухана, әскери казарма сияқты тарихи маңызы жоғары ғимараттар орналасқан. Сонымен қатар, «Қару-жарақ палатасы» мен «Бөкей Ордасының тарихы» атты тұрақты экспозициялар жұмыс істейді.

Музей қызметкерлерімен кездескен Серік Ерубаев кешеннің мәдени-тарихи, туристік маңызын атап өтіп, мұндай нысандарды сақтау мен қайта жаңғыртудың мемлекет үшін маңызы зор екенін жеткізді. Туристік әлеуеті жоғары бұл мекеме тек тарихи жадымызды жаңғыртумен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні айтылды.

Мемлекет тарапынан соңғы жылдары кешенді дамыту жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылы заманауи визит-орталығы пайдалануға берілсе, 2024–2025 жылдарға арналған реставрациялық жұмыстарға бюджеттен 136 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат Хан сарайы мен басқа да тарихи ғимараттарды ғылыми негізде қалпына келтіруге жұмсалмақ.