26 маусым 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы
Шымкент қаласында мердігер «Innoforce Solutions» ЖШС-нің маршруттық желі
мен жолаушылар ағынын талдауға қатысты I кезең бойынша дайындаған есебі жұмыс
тобының отырысында қаралды.
Жиынға «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Шуханов
Адай Кенжебайұлы қатысты.
Кездесу барысында сарапшылар есеп материалдарының бірқатар техникалық
талаптарға толық сәйкес келмейтінін атап өтті. Атап айтқанда, зерттеуге
қаладағы 80 маршруттың тек 14-і қамтылғаны және халық тығыз орналасқан
шағынаудандар мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың назардан тыс қалғаны
айтылды.
Сауалнамаға қатысқан азаматтар санының шектеулілігі (815 адам), зерттеу
әдістемесінің нақты көрсетілмеуі және тек «Avtobys» электрондық төлем жүйесінің
мәліметтеріне сүйенуі зерттеу нәтижелерінің дәлдігіне әсер етуі мүмкін екені
көтерілді.
Жиын қорытындысында жұмыс тобы зерттеу аясын кеңейту, деректерді нақтылау
және әдістемелік тұрғыдан пысықтау қажеттігін атап өтті.


